Ақтөбеде 24 млн теңгеге «қағаз ұшақ» мүсіні қойылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласындағы халықаралық әуежай маңына «қағаз ұшақ» тәрізді шағын сәулет мүсіні қойылды. Бұл үшін бюджеттен 24 млн теңге жұмсалды. Екі мүсіннің биіктігі — 7 метр.

Ақтөбе қаласында шағын сәулет мүсіні бірнеше жерде бар. Соның бірі Халықаралық әуежай маңына қойылды.
— Бұл ұшақ түріндегі металдан жасалатын кіші архитектуралық форма (МАФ) Астана ауданының әкімдігінің тапсырысымен Бөкенбай батыр көшесіне қойылды. «ДиМад Company» ЖШС-і конкурстық негізде тапсырыс алып, жасады. Биіктігі — 7 метр, ені — 4,5 метр. Оған Астана ауданы 24 млн теңге бөлді, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.


Айта кетейік, шағын сәулет мүсініне тапсырыс беру құжаттарын Антикор тексерді. Жергілікті атқарушы органның жұмысында жемқорлық тәуекелдері бар екені анықталды. 2023 жылы Ақтөбе қаласы Алматы ауданының аппараты мен «Қайсар Relations» ЖШС арасында 25 млн теңгенің келісімшарты жасалды. Оған 8 шағын сәулет мүсінін салу жоспарланды. Арада бірнеше ай өткенде тағы қосымша келісімшарт жасалады. Онда 5 шағын сәулет мүсініне тапсырыс беріп, 15 млн тг аударылды. Келісім бойынша орнатқан компания 1 жыл күтімін жасайды. Алайда әкімдік 2024 жылдың тамыз айында күтіп ұстауға «Есиль-2018» ЖШС-не 17,6 млн теңге бөлді.
Еске салсақ, Ақтөбенің Мұғалжар ауданында әкімдік үй сатып алуға ақшө бөліп, заңсыздыққа жол берді. Арада бір жыл өткенде ақша да, үй де жоқ болып шықты.