Ақтөбеде 33 кәсіпкердің «Ауыл аманаты» несиесін өтеу мерзімі шегерілді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша 2 мың адам «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, кәсібін бастады. Бүгінде оның 33-і су тасқыны кезінде зардап шеккенін айтып, несиені өтеу мерзімін кейінге шегеру үшін өтініш түсірді.

несие
Фото: freepik.com

«Ауыл аманаты» жобасы басталғаны бері 2 мың ақтөбелік несие алған. Ол үшін 15 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде су тасқыны болған Ырғыз, Ойыл, Қобда аудандарының кәсіпкерлері несиені өтеу мерзімін кейінгі шегеру үшін өтініш жазып отыр. Су тасқыны кезінде зардап шеккен жобалар арасында алма бағы, дәмхана бизнесі бар.

Сонымен бірге мал шығынына өтемақы берілді.

- Жобаға қатысушылардың несие төлеу мерзімі үш айға кейінге шегерілді. Ал өзге адамдарда әзірге жеңілдік уақыты біткен жоқ. Оларда несие демалысы бар екені белгілі. Сонымен бірге сақтандыру аясында шығын өтеу жолы қарастырылып жатыр. Бір қарыз алушы сақтандыру арқылы шығынын қайтарды, - деді «Ақтөбе» ӘКК» АҚ мемлекеттік бағдарламаларды жүргізу департаментінің директоры Ақгүл Әкімжанова.

Айта кетейік, су тасқыны кезінде Ақтөбеде 100-ден астам шағын және орта бизнес иесіне шығын келді. Олардың шығыны шамамен 3 млрд теңге деп болжанды.