Ақтөбеде 54 сотталған жаза өтеу тәртібін бұзды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Шартты түрде» жедел алдын алу шарасы өтті. Пробация қызметкерлері есепте тұрған 54 сотталған адамның жаза өтеу тәртібін бұзғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты 15 аудандық пробация қызметінің мамандары жазасын шартты түрде өтіп жүрген адамдардың тұрғылықты мекенжайына барды. Олардың арасында бір жыл ішінде жаза өтеу шарттарын 2 немесе одан да көп бұзуға жол берген 30 сотталған анықталды. Олардың өтелмеген мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру жөнінде сотқа ұсыныс енгізілді. Ал тұрғылықты мекенін өзгерткен Мәртөк ауданының тұрғынын бақылау тағы 6 айға ұзартылуы мүмкін.
«Ақтөбе облысы аумағындағы 15 аудандық пробация қызметі бөлімдерінде Пробация қызметі және жергілікті пробация қызметтерінің учаскелік полиция инспекторлары, сондай- ақ, криминалдық полиция инспекторларымен бірлесіп құрылған мобильдік топтар өзара іс- қимылдың жақсы нәтижесін көрсетті. Бір айта кететін жайт, есепте тұрған сотталғандар арасында қайта қылмыс жасау дерегі тіркелген жоқ»,- дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы Азамат Наукенов.