Ақтөбеде 745 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі сумен, газбен жабдықтау және тұрғын үй салу жұмыстары туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

тұрғын үй, құрылыс
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Әкімнің айтуынша, ауыз су мәселесі өңірдің әлеуметтік дамуы үшін негізгі басымдықтардың бірі.

— Өңірдің өркендеуінде халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету шешуші рөл атқарады. Биыл 1 300-ден астам тұрғыны бар 4 ауыл таза ауыз сумен қамтылды. Жыл соңына дейін 2 мыңға жуық тұрғыны бар 6 ауылда орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жұмыстары толық аяқталады, — деді ол.

Сонымен қатар ол брифинг барысында биыл ауылдарды газдандыру қарқыны ерекше жоғары болғанын айтты.

— Биыл облыс бойынша ауылдарды табиғи газға қосу қарқыны бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. 9 мыңға жуық тұрғыны бар 22 елді мекен газға қосылған. Жыл аяғына дейін тағы 3 500 тұрғыны бар 6 ауылға көгілдір отын келеді, — деп айтты ол.

Сонымен бірге Шахаров биылғы көрсеткіш үшжылдық жоспарды да артығымен орындағанын атап өтті.

— Бар болғаны бір жылдың ішінде 28 ауылды (12,3 мың адам) газбен қамту арқылы біз 2022-2024 жылдарға арналған үшжылдық жоспарды орындаймыз. Нәтижесінде өңірде газбен қамту деңгейі 97%-ға жетеді, — деді ол.

Асхат Шахаров тұрғын үй құрылысы да жоғары қарқынмен жүріп жатқанын жеткізді.

— Біздің тағы бір маңызды міндетіміз халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жыл соңына дейін Үкімет бекіткен 1 млн шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарын толық орындаймыз, — деді әкім.

Әкімнің айтуынша, 10 ай ішінде өңірде 745 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

— Биыл кезекте тұрған 419 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз еттік, жыл соңына дейін тағы 1 063 отбасы баспана алады, — деп қорытындылады ол.

Айта кетейік, қайтарылған активтер есебінен Қостанай облысындағы ауылға ауыз су тартылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар