Ақтөбеде 8 мыңнан астам қызға адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салынады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша биыл 8245 қызға адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салу жоспарланды. Ол үшін облысқа 16 490 доза вакцина жеткізіледі.

вакцинация
Фото: Pexels

Ақтөбе облысындағы мектептерде адам папилломасы вирусы мен оның алдын алу жұмыстары жайында түсіндіру жалғасып жатыр. Дәрігерлер мен эпидемиолог мамандар вакцинаның тиімді тұстарын айтып берді. 

- Биыл 11 жастағы қыздар мен 12, 13 жастағы қыздар екпе ала алады. Ақтөбе облысы бойынша 8245 қызға вакцина салу жоспарланып отыр. Вакцина араға 6 ай салып екі рет салынады. Жалпы облысқа 16 490 вакцина жеткізіледі. Қазір 8200 дозасы бар. АҚШ-та өндірілген вакцинаны әлемнің 135 елі қолданып отыр. Екпе жұмыстары мектептің медициналық кабинетінде жүргізіледі. Ата-ана мен заңды өкілінің рұқсаты керек. Тіпті емханаға барып вакцина салдыруға болады,- деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ақзер Сүлейменова.

Маманның айтуынша, адам папиллома вирусы тек жатыр мойны обырын тудырып қана қоймай, жыныс мүшелерін, тікішек, жұтқыншақ обырының да қоздырғышы болып саналады. 

- Ақтөбе облысында былтыр 103 әйел жатыр мойны обырына шалдықты. Ең жасы – 25 жаста. Биыл 8 айда 75 адамнан жатыр мойны обыры анықталды,- деді М.Оспанов атындағы БҚМУ онкология кафедрасының доценті Анар Туляева. 

Айта кетейік, Ақтөбенің Ойыл ауданында 3 қыз вакцина салдырды. Ал Қазақстанда 1,6 мың қызға екпе жасалды