Ақтөбе облысында әкімдердің айлығы 735 мың теңгеден басталады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысында 12 аудан бар. Оның үшеуі 2023 жылы сайланды, өзгесі тағайындалды. Әкімдердің ең жасы — Хромтау ауданында. Нұрхан Тілеумұратов 33 жаста. Ал ең үлкені Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев пен Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев. Екеуі де 62 жаста. Kazinform тілшісі облыс пен аудан әкімінің аппараттарына сауал жолдап, олардың жалақысы мен қызметтік көлігі туралы ақпарат жинақтады.
Былтыр ғана тағайындалған облыс әкімі Асхат Шахаровтың жалақысы мен қызметтік көлігі туралы сауалымызға жалпылама жауап алдық.
Яғни, әкім аппараты «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнамаға сүйеніп, «мемлекеттік сектордағы барлық санаттағы қызметкерлерге қатысты бекітілген нормалар мен қағидаттар негізінде қалыптасады» деп жауап қайтарды.
Сонымен бірге облыс әкімі өзінің қызметтік міндеттерін орындау үшін қолданыстағы ережелер мен талаптарға сәйкес берілетін қызметтік көлікті пайдаланатынын хабарлады.
Ақтөбе — елімізде жер көлемі бойынша ең үлкен аймақ. Мұнда қазір 12 аудан бар. Сонымен бірге орталығы Ақтөбе қаласы миллион тұрғыны бар мекенге айналуы үшін жан-жағындағы шағын аудандар мен тұрғын алаптарын кеңейтіп, инфрақұрылымын дамытуға көшкен.
Алайда мұнда жер беруге мораторий бар. Себебі бұған дейін берілген жердегі тұрғын алаптарда су, жол салу және мектеп пен балабақша мәселесі түбегейлі шешілмеді. Қаланы қазір 41 жастағы Азамат Бекет басқарып отыр.
Ол бұған дейін Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында түрлі қызметте жұмыс істеді. Кейін Ақтөбенің кенді ауданы Хромтауда әкім болды. Ал қала әкімі қызметін 2023 жылдың 26 маусымынан бастап атқарып келеді. Оның жалақысы — 990 916 теңге.
Ал қызметтік көлігі — 2014 жылы шығарылған KIA Quoris. Көлік шығарылған жылы-ақ 15,6 млн теңгеге сатып алынды.
Экологиялық аймақ әкімдерінің жалақысы жоғары
Ақтөбе облысында Шалқар, Ырғыз, Байғанин, Темір аудандары тұрғындарына экологиялық үстемеақы төленеді. Яғни, жалақыға белгілі бір көлемде төлем қосып беріледі. Сол себептен де өңірдегі осы аудан әкімдері өзге әріптестеріне қарағанда көп жалақы алады.
Мәселен, Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айлығы — 1 189 099 теңге. Ал Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпеновтің жалақысы — 1 165 800 теңге. Екі ауданның әкімдігі де қызметтік көлікті 2018 жылы сатып алған. Бұл үшін бюджеттен 14 300 000 теңге қаржы жұмсалды.
Айтып өтейік, аудан әкімдерінің жалақысы олардың еңбек өтіліне тікелей байланысты.
Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов болса, алдымен тағайындалып, кейін сайланған әкім. Ол 1989 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істеп келеді. Аудандағы салық органында еңбек етіп, кейін ауылда әкім, ауданда мәслихат хатшысы, 2022 жылы Ырғыз ауданына әкім болды.
Ал Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов 2008 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Ол еңбек жолын Ақтөбе облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің жетекші маманы болып бастап, бір кездері Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасын басқарды. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі де болды.
Бұл қатарда Шалқар ауданы да бар. Алайда Шалқар ауданы әкімдігінің аппараты «Масс-медиа туралы» заңның 36-бабында көрсетілген талаптардың сақталмауына байланысты ақпарат ұсына алмайтынын хабарлады.
Аудан әкімі Жанболат Жидеханов — осы өлкенің тумасы. Ол еңбек жолын мектепте қарапайым жұмысшы болып бастаған. Кейін есепші, экономист болып, экономика, бюджеттік жоспарлау және кәсіпкерлік бөлімін басқарды. Ал 2020 жылы Шалқар ауданына әкім болып тағайындалды.
Астықты өлке әкімдерінің табысы қанша?
Ал астықты өлке қатарына Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандарын кіргізуге болады. Бұл аудандар өңірді астықпен қамтып, артылғанын экспортқа шығарады. Енді осы ауданның әкімдерінің жалақысын саралап көрсек.
Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев 2012 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Ол 2019-2023 жылдары Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып, 2023 жылдың шілде айында Әйтеке би ауданына әкім болып тағайындалды.
35 жастағы әкімнің қазіргі жалақысы 933 762 теңге. Ал қызметтік көлігі осыдан 17 жыл бұрын 5 315 400 теңгеге сатып алынған Toyota Prado автокөлігі. Сонымен бірге былтыр ғана шығарылған Jac J7 Luxury автокөлігі облыс әкімдігінен аудан әкімдігіне берілген. Бұл көліктің құны — 12 532 800 тг.
Таяуда ғана Ақтөбе облыстық қаржы басқармасы басшысы қызметінен Қарғалы ауданының әкімі қызметіне ауысқан Нұрлыбек Өнербаевтың лауазымдық жалақысы еңбек өтіліне байланысты 990 916 теңге. Қызметтік көлігі — 2018 жылы шығарылған KIA Sorento. Сатып алуға 14 млн 377 мың теңге жұмсалды.
Ал еңбек жолын мұғалім болып бастаған Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов 2016 жылдан бастап ауыл әкімі, кейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып, 2021 — 2022 жылдары Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасын басқарды.
2022 жылдың қазан айынан бастап Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі қызметін атқарды. Ал 2023 жылдың 24 қарашасынан бастап Мәртөк ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Медет Ысқақовтың жалақысы — 752 771 теңге.
Қызметтік көлігі 2017 жылы шыққан «KIA Sorento» маркалы көлігі. Әкімдік оны 2018 жылы 14 300 000 теңгеге сатып алды.
Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов — «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол аудан әкімдері арасында ең жасы. Қазір жасы — 33-те. «Болашақ» бағдарламасы аясында Ұлыбританияның Коветри қаласы Warwick университетінің «Инновациялар және кәсіпкерлік» мамандығы бойынша ғылым магистрі дәрежесін алды.
Аудан әкімі аппараты жалақы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңнамаға сәйкес айқындалатынын ғана жазған. Ал аудандағы қызметтік көлік 2017 жылы шығарылған KIА Sorento. Көлік 2018 жылы 14 300 000 тг сатып алынды.
Мұнайлы өлке әкімдерінің табысы қандай?
Ақтөбе облысы бойынша Мұғалжар, Темір және Байғанин аудандарында мұнай компаниялары бар. Әсіресе Темір мен Мұғалжар аудандарында үлес басым. Екі аудан әкімінің жалақысы да шамалас. Бір ерекшелігі Темір ауданының әкімі экологиялық үстемеақы алады.
Темір ауданы әкімі Саламат Аманбаевтың жалақысы — 978 802 теңге. Қаржы, салық органдарымен қатар еңбек инспекциясында жұмыс істеген маманның еңбек өтілі 40 жыл болған. Қазіргі қызметтік көлігі 2018 жылы шығарылған «KIA Sorento» маркалы көлігі. Сатып алуға 14 490 000 теңге жұмсалды.
Ал Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетовтің жалақысы — 952 437 теңге. Қызметтік көлікке келер болсақ, Әйтеке би ауданы секілді мұнда да оның саны екеу. Бірі 2007 жылы шығарылған Toyota Prado автокөлігі. Екіншісі — 2018 жылғы KIA Sorento. Екіншісін 2018 жылы 14 млн 370 мың теңгеге сатып алған.
Көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдай жарияланған аудан әкімдері
Биыл көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбе облысы бойынша 6 ауданда төтенше жағдай жарияланды. Олар: Ырғыз, Әйтеке би, Қобда, Ойыл, Мұғалжар мен Темір аудандары. Осы тізімдегі Қобда, Ойыл әкімдерінің табысын да eOtinish арқылы сұраттық. Екі ауданның әкімі де 2023 жылы сайланған.
Сұранысқа алғаш болып жауап бергендердің бірі — Ойыл ауданы әкімінің аппараты. Ақпаратқа сүйенсек, аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың жалақысы — 990 916 теңге. Қызметтік көлігі — 2018 шығарылып, сол жылы сатып алынған KIA Sorento. Құны — 14 300 000 теңге.
Ал Қобда ауданы әкімдігінің аппараты жалақы мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліне байланысты төленетінін хабарлады. Қызметтік көлігі туралы сұрағымызға «Аудан әкімі өзіне тиісті қызметтік міндеттері мен жауапкершіліктерін орындау мақсатында арнайы ережелер мен талаптарға сәйкес келетін автокөлікпен қамтамасыз етіледі. „Мемлекеттік сатып алу туралы“ заңнамасына сәйкес қызметтік автокөлік конкурс негізінде сатып алынды» деп жалпылама жауап берді.
Облыс орталығына жақын аудан
Облыс орталығына ең жақын орналасқан Алға ауданы аппаратына да сұраныс жолдадық. Аудан әкімі Нұрбол Ержановтың жалақысы 735 509 теңгені құрайды. Оның да қызметтік көлігі 2018 жылы шыққан — KIA Sorento. Көлік 2018 жылы 14 300 000 теңгеге сатып алынды.
Аудан әкімі қызмет жолын жеке кәсіпкерліктен бастаған. Кейін мемлекеттік қызметке келіп, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының әкімі болды, 2021 жылдын 1 наурызынан бастап Алға ауданының әкімі болып тағайындалды.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында 300-ден астам ауыл болса, оларда 142-інде әкім бар. Бір ауылдық округ әкіміне бірнеше ауыл қарайды.
Еске салсақ, бұған дейін Kazinform-ның Шығыс Қазақстандағы тілшісі осы тақырыпта қала, аудан әкімдерінің жалақысын саралаған еді.