Ақтөбеде әкімдік пен саябақтың бұрынғы иесі әлі соттасып жүр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде ғасырлық тарихы бар Пушкин атындағы саябақты әкімдік меншігіне алғанымен, мүлкі бұрынғы иесіне тиесілі. Жер мен мүлікке қатысты істе ортақ келісімге келе алмаған екі тарап әлі соттасып жүр.

Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде орналасқан Пушкин атындағы саябақ былтыр әкімдік меншігіне өтті. Тек жер теліміне ғана әкімдік иелік етеді. Ал мүлкі әлі де жекенің меншігінде.

— Сот шешімімен жер қала әкімдігінің иелігіне өтті. Бұрынғы иесі дүңгіршектерден, аттракциондардан және басқа да мүліктерден ішін толық босатпағандықтан, ол мүліктерден бас тартпағандықтан, демонтаждап босатуды талап ету үшін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі сотқа арызданды. Қазір сол ескі мүліктерін алып кетсін деген талапты қоюға қатысты сот ісі жүріп жатыр. Сондықтан, ішінде ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ.
Паркті жаңғырту үшін демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жоба әзір болған соң оны жүзеге асыру үшін бюджеттен қаражат сұралады, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Расымен де Ақтөбе облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің арызы бойынша іс қаралды. Әкімдік «А. С. Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС-інен жер телімін босатуды, демонтаж жасауды талап етті. Іс материалына сүйенсек, әкімдік биыл наурызда аумақты босату туралы хабарлама жіберді. Бірақ серіктестік басшысы бұл ескертуге құлақ аспаған. Мүліктің бір бөлігі сот шешімінен соң алынып тасталды.

Алайда кейбірі тізімге енбей, әрі күнге дейін саябақты аттандыруға кедергі келтіріп тұр. Соттағы құжатта «Көңілді әткеншек», «Ромашка» аттракциондары, сахна, сахна маңындағы 64 дана орындық, 20 қоқыс жәшігі, 19 орындық, 1 қоқыс контейнері алаңы, 4 контейнер, 6 сауда павильоны, 1 касса дүңгіршегі, 3 палатка, 2 паравоз, ескерткіш те бар.

Бұл заттар саябақты абаттандыру жұмысына кедергі келтіріп тұрғанын алға тартқан әкімдік соттан 5 күн ішінде босату туралы шешім шығаруды сұрады. Ал жауапкер арызды қараусыз қалдыру қажет деп отыр. Жауапкердің мәліметіне сүйенсек, жер телімі мен оның ішіндегі мүлік «А. С. Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС-не тиесілі. 1992 жылдың ақпан айында жекешелендіргенін, 1996 жылда алған жер актісі бар екенін айтты. Ал аумақты иесіз деп айтуға келмейтінін, мұнда 600 түп ағаш отырғызғанын жеткізді. Жауапкер сот талқылауына қосылмаған. Сот құжаттарды саралай келе 2021 жылдың маусым айындағы сот шешіміне сәйкес «А. С. Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС-і Ақтөбе қаласы Шернияз көшесінде орналасқан аумақты босатуы, демонтаж жасауы тиіс.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бұған дейін де сотқа дәл осындай арыз түсіргендіктер сот Азаматтық процессуалдық кодекстің 277-бабы 3-тармақшасы негізінде сот істі қысқартты. Себебі сол кезде сот жауапкерді жер иесі әкімдік талабына сәйкес демонтаж жасауды міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске салсақ, биыл қаңтарда Ақтөбеде ғасырдан астам тарихы бар саябақтағы аттракцион бөлшектелді. Демалыс орнының тарихи келбеті сақталып, жаңғыртылады деген жоспар бар.
Әзірге мұнда ештеңе де өзгермеді.