Ақтөбеде алимент төлемеген 6 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде 2 мыңға жуық борышкер әке баласына алимент төлеуден жалтарып жүр. Биыл 6 борышкер қылмыстық жауапқа тартылып, оларға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
Өңірлік жеке сот орындаушылар палатасында 16 мың атқару өндірісі бар. Оның 10 мыңға жуығы Ақтөбе қаласына тиесілі. Соның ішінде 8 мыңнан астамы алимент берешегімен байланысты құжат.
- Тізімге енген 1900-ден астам адам алиментті дұрыс төлемейді. Биыл сот актісі талабын орындамағаны үшін 538 борышкер әкімшілік жауапқа тартылды. Нәтижесінде 389-ы қамауға алынды, қалғаны айыппұл төледі. Биыл жыл басынан бері 20-дан астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Ол кезде 280 борышкер жұмысқа орналасты,- деді сот орындауышысы Нұрлан Зейнеғалиев.
Ақтөбедегі алимент өндіру кеңсесінде 15 сот орындаушысы жұмыс істейді. Биыл олар прокуратура және полициямен бірге қылмыстық жауапқа тарту ұсынысын да берген.
- Жыл басынан бері 19 борышкерді қылмыстық жауапқа тарту ісі жолданды. Барлығы 6 борышкерге қатысты іс сотқа жолданды. Борышкерлерге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қоғамдық жұмысқа тартылып жатыр,- деді Өңірлік жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Қайрат Танқаев.
Еске салсақ, Алматы қаласы әділет департаментінің басшысы Балайым Кесебаеваның айтуынша, жекеменшік сот орындаушыларының қарауында 22 688 алименттік іс бар. Оның тек 70-і нақты орындалды, 2 879-ы бойынша аяқталды, ал 1 000 іс проблемалы болып қалып отыр.