Ақтөбеде Әлия Молдағұлова музейі жаңарды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл және Жеңістің 80 жылдығына орай музей іші заманауи технологиялармен қайта жабдықталды.

Мұнда келушілерді енді виртуалды экскурсовод қарсы алады және ол 5 тілде сөйлейді. Кейін архивтер мен іздеу жұмыстары кезінде табылған құнды дүниені көріп, Әлия Молдағұлованың хатын оқиды. Ол үшін жасанды интеллект, голограмма қолданылды.

- Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлік жолын қамтитын барлық ақпарат жаңа технологиялар арқылы көрсетіледі. Арнайы мамандар музейді жабдықтап берді. Біздің міндетіміз - осы технологиялар көмегімен келушілерге мол мағлұмат беру,- деді Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова мемориалды музейінің директоры Жанар Мақсұтова.
Музейде цифрлық технология көмегімен дыбыс және бейне сәтті пайдаланылды. Мұнда Әлия тұрған үйдің макетін, үй ішіндегі жандарды көруге болады. Сонымен ұрыс даласындағы ерлігі де көрсетіледі.

- №51 мектеп-гимназиясында білім аламын. Музейге келіп, көп нәрсе білдім. Әлия Молдағұлова туралы ақпаратқа қанығып, өмірі және ерлік жолымен таныстым. Мұнда жаңа технологияларды сәтті пайдаланған. Бұл менің замандастарым үшін қызықты деп ойлаймын,- деді мектеп оқушысы Қайратбек Лаубай.
Айта кетейік, музей ашу туралы шешім 1980 жылы қабылданды, 1985 жылы ресми түрде ашылды. Ал 2015 жылы мұнда жөндеу жұмысы жүргізілген. Қазіргі кезде музейде 11 мыңнан астам экспонат бар. Жыл сайын музейге 40 мыңнан астам адам келіп, түрлі шараларға қатысады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығына және Жеңістің 80 жылдығына арналған «Әлия» толықметражды көркем фильмі 2025 жылдың мамыр айында жарыққа шығады.
Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың туған ауылы Бұлақта, сол маңдағы Әлия ауылында әлеуметтік нысандар жаңғыртылып жатыр.
