Ақтөбеде «Әлия» мюзиклі сахналанды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театр ұжымы «Әлия» мюзиклі сахналанды. Басты рөлді студент сомдады.

Бүгін Ақтөбеде Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай «Әлия» мюзиклі сахналанды. Музыкалық қойылым Қобда ауданы Бұлақ ауылынан басталып, майдан даласында жалғасты. Бір жарым сағатқа созылған қойылымда қазақтың батыр қызының елі мен жеріне деген махабатты, асқақ рухы суреттелген. Басты рөлді Ажар Жәрденбекқызы және Фатима Бердібекова сомдады.

— Кастингке драма театрдың бірнеше актриса, актері қатысты. Соның ішінен бүгін сахнаға шыққа 20-ға жуық адам таңдалды. Әлия рөлін сомдау маған бұйырыпты. Мен өте қуаныштымын. Әлия қайсар жан. Оның рухы мықты. Ең қатты әсер еткені ағасы Әбубәкірмен кездесуі болды. Ағасы қарындасын алып кетпек болып келіседі, ал Әлия бастаған ісін аяқсыз қалдырмауға шешім қабылдады. Әлия образын сомдау үшін өзім музейге бардым, ақпарат іздеп, таныстым. Режиссер туыстарына да хабарласып, байланысқа шықты, — деді Ажар Жәрденбекқызы.

Жас актриса К. Байсейітова атындағы қазақ ұлттық өнер университетінің үшінші курс студенті. Қазіргі кезде ол группаластарымен бірге дуалды оқу жүйесі негізінде Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрда білім алып жүр. Ал мюзиклдің қоюшы режиссері — Есләм Нұртазин.


Айта кетейік, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі биыл қайта жаңғыртылды. Музейінде бірқатар құжаттың, фотосуреттердің түпнұсқасы сақталған. Сонымен бірге Әлия Молдағұлова жерленген жерден топырақ, гүл әкелінген.
Еске салсақ, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы маусым айында өтеді. 12 маусымда Әлияның туған жері Қобда ауданында және 13 маусымда Ақтөбе қаласында бірнеше шара ұйымдастырылады.