Ақтөбеде әскери институт офицер-нұсқаушы Батыр Оразымбетовті ақтық сапарға шығарып салды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтында авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы Батыр Оразымбетовті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Оған ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары – Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Дәурен Қосанов пен жеке құрам, туған-туыстары қатысты.

Батыр Оразымбетов
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының жеке құрамы сап түзеп, офицер-нұсқаушысы Батыр Оразымбетовтің рухына құрмет көрсетті. Қаралы митингке қатысқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары — Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Дәурен Қосанов Батыр Оразымбетовтің қандай қызметкер болғанын атап өтті. 

— Бүгін біз Батыр бауырымызды ақтық сапарға шығарып салуға қатысып тұрмыз. ҚР Қорғаныс министрлігі, Қарулы күштері әуе қорғанысы күштерінің жеке құрамы отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Әуеге көтерілу қашанда қауіп-қатерлі толы сәт. Біз өз өмір жолымызды, мамандығымызды өзіміз таңдаймыз. Батыр да осы оқу орнына түсіп, борт инженері мамандығын бітірді. Ол өмірінің соңына дейін алдына қойған тапсырманы адал орындады. Ол Қаңтар оқиғасында, су тасқыны кезде қалтқысыз қызмет етті. Оны осындай қалпында есте сақтап, құрмет көрсетеміз, — деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дәурен Қосанов.

Батыр Оразымбетов
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қаралы митингке Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан да қатысты. 

— Аяулы ұлдарыңыз, жанашыр достарыңыздың өмірден өтуіне байланысты облыстық әкімдіктің атынан қайғырып көңіл айтамыз. Батыр өз атына сай азамат болды. Ел басына күн туған шақта мыңдаған адамның өміріне араша болды. Су тасқыны кезінде құтқару жұмыстарына қатысты. Батырды біз осындай қалпында жадымызда сақтаймыз. Ол өмірінің 500 сағатын әуеде өткізді. Елдің қорғаны болған, қауіпсіздікке жауап берген азаматымызды шығарып салып тұрып, бақұл бол дегіміз келеді. Ел аспаны ашық болсын, — деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.

Батыр Оразымбетов
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Айта кетейік, Батыр Оразымбетов 1988 жылы туған. 2009 жылы Әуе қорғанысы күштері әскери институтын «ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар» мамандығы бойынша бітірген.

Ол Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы қызметін атқарды.

Батыр Оразымбетов
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Қолдау көрсетіп, демеу болғандарыңыз үшін рақмет. Батырмен бірге оқып, қызмет етіп, оны таныдыңыздар. Әрдайым есте сақтаңыздар. Ол ашық, жанашыр. Бауырларына да көмектесіп жүрді, — деді қаралы митингте ағасы Қанат Оразымбетов

Еске салсақ, 9 қараша күні Мәртөк ауданы Сарыжар ауылында тікұшақ апатқа ұшырып, жанып кетті. Бортта үш адам болған. Оның біреуі оқиға орнында көз жұмды.

Екі науқасты күйік шалып, жарақат алды. Олар Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханада ем қабылдап жатыр. 

Батыр Оразымбетов
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар