Ақтөбеде ауылдасын пышақтап өлтірді деп айыпталған студент сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жарыссөзде прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот 9 жылға үкім кесіп, жәбірленушінің азаматтық талап арызын ішінара қанағаттандырды.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қатарласы әрі ауылдасы Әлихан Жәнібековке пышақ сұғып алған студенттің ісі қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылды. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамады, қорғанғанын айтты.
— Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 9 және 14 тармақтарымен кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтесін. Жәбірленушінің талап арызы ішінара қанағаттандырылсын. Жәнібек Әлимановтың пайдасына 2,3 млн теңге материалдық шығын, 15 млн теңге моральдық зиян, 1 млн теңге өкілдің көмегі өндірілсін. Рауан Ниязмағамбетованың пайдасына 15 млн теңге моральдық зиын өндірілсін, — деді судья А. Сабыров.
Сот Шалқар қаласындағы ахуалды, оның ішінде жастар арасындағы төбелесті полиция бақылауы тиіс деп санап, жекеше қаулы шығарды. Судья ауданда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу жұмысы өз деңгейінде жүргізілмегенін айтты.
— Кәмелет жасқа толмағандармен жұмыс дұрыс жүргізілмейтіні анықталды. Шалқарда «Маяк» және «Рабочий» топтарының арасында кикілжің болған. Кейін аса ауыр қылмыс тіркелді. Жәбірленуші, сотталушы және көптеген куә түнгі уақытта ата-ананың қарауынсыз жүрген. Яғни полиция кәмелетке толмағандармен дұрыс жұмыс жүргізбеген. Сол кезде де кәмелетке толмаған сотталушы анасының атындағы көлікті заңсыз басқарған. Аудандық полиция бөлімінің мұндай жағдайда ешқандай шара қолданбайтыны көрінеді, — деді судья.
Сот үкімінен соң екі тарап өзара жанжалдасып қалды. Сотталушының туған-туыстары үкімге қарсылығын білдірді. Ал жәбірленуші тарап қылмысты жасөспірім кезінде жасағандықтан жаза мерзімі аз екенін айтты.
— Біз 20 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған едік. Бірақ қылмысты кәмелет жасқа толмай жасағаны ескерілді. Әлихан ұлым өте ақкөңіл, достары арасында сыйлы еді. Ол ақ көйлек киіп, мемлекеттік қызметші болуды армандады. Ол арманына жете алмады, — деді Рауан Ниязмағамбетова.
Еске салсақ, оқиға биыл наурыз айының ортасында Шалқар қаласында болды. «Маяк» және «Рабочий» тобының (қала ішіндегі екі шағын аудан — ред.) 2008 және 2010 жылы туған балалары арасында кикілжің болады, соңы қайғылы аяқталды.