Ақтөбеде баспанаға мұқтаж азаматтарға арнап жөнделген үйдің есік-терезесі қирап қалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Бес қабатты жатақхананы жөндеп, толыққанды пәтер ретінде қолданысқа бермек болған депутаттар сотталып кетті. Қазір сол үйдің есік-терезесінің бір бөлігі қирап қалды.
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы № 40 үйдің терезесіндегі әйнектері шағылған. Сонымен бірге сыртқы темір есігі де қирап қалған. Қазір мұнда кез келген адам кіріп, ішін еркін аралайды. Жергілікті әкімдік болса Жастық шағын ауданындағы үй қайта жөнделіп, кейін тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға берілетінін айтты.
— Сот шешімі шығып, ғимарат Мұғалжар аудандық сәулет және қала құрылысы бөліміне қайта берілды. Қазіргі уақытта нысан бойынша қажетті құжаттар әзірленіп, ақау актісі жасалды. Ақау актісінде ғимараттың терезелері, есіктері, төбесі және ішкі бөліктеріндегі зақымданған элементтер көрсетілді. Қазір сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құжаттар дайын болғаннан кейін бюджет қаражаты есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Одан кейін бұл үйді тұрғын баспанаға мұқтаж азаматтарға беру көзделген, — деді Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Жомарт Бақытгелді.
Әкімдіктің хабарлауыша, есікті бірнеше жөндегенімен, оны үшінші рет қайта бұзған.
— Бұл үй болашақта тұрғындардың игілігіне берілетін нысан. Сондықтан тұрғындардан ғимаратқа ұқыпты қарауды сұраймыз. Терезесін сындыру, ішіне қоқыс тастау немесе мүлікке зиян келтіруге болмайды. Бұл жерде алдағы уақытта тұрғын үйге мұқтаж қаншама отбасы өмір сүреді. Алдағы уақытта ғимараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камераларын орнату мәселесі де қарастырылуда, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Еске салсақ, Мұғалжар аудандық мәслихатының төрағасы Бақытжан Қадралин, аудандық мәслихат депутаты Азамат Жәлімбетов және Мұғалжар аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Әнес Сейілханға «Алаяқтық», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру» баптары бойынша сотталды. Мәслихат төрағасы қызметін атқарған сотталушының 5 қабатты жатақхананы сатып алып, кейін оны әйеліне сыйға берген, артынша өз атына қайта жаздырған. Сөйтіп жатақханаға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алуға қатысып, 672 млн теңгеден астам шығын келтірді.