Ақтөбеде бір күнде мас күйінде көлік жүргізген төрт адам ұсталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде бір тәулікте мас күйінде көлік жүргізген төрт жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде бір күнде мас күйінде көлік жүргізген төрт адам ұсталды

Мас күйінде көлік жүргізгендердің бірі бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған.

«Облыстық ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Алға қаласындағы № 5 мектептің жанында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін кезекшілік ұйымдастырды. «Шевроле Авео» автокөлігін тоқтатты. Сол кезде 30 жастағы жүргізушінің мас күйінде рульге отырғаны, бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғандығы анықталды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігі «Мас күйінде көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы» бойынша тергеу жүріп жатыр. Осы бап бойынша 5 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмысына, не 1200 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.