Ақтөбеде биыл көлікті мас күйінде айдаған 1,2 мыңдай жүргізуші ұсталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлері биыл 10 айда алкоголь және есірткіге мас күйде көлік жүргізген 1 240 жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде патрульдік полиция қызметкерлері жолдағы қауіпсіздікті назардан тыс қалдырмайды. Кезекті рейд кезінде қаладағы И.Тайманов көшесінде жол қозғалысы ережесін бұзған Volkswagen автокөлігін тоқтатты. 45 жастағы жүргізушіден ішімдіктің иісі шыққан соң бірден тексеруге жібермек болды. Бірақ ол медициналық тексеруден өтуден бас тартты. Сонымен қатар, жүргізушінің бұрын көлікті басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
«Қылмыстық кодекстің «мас күйінде көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы» бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Жүргізуші Ақтөбе қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Жалпы биыл 10 айда алкогольдік және есірткілік мас күйінде көлік құралдарын жүргізген 1 240 жүргізушіні анықталды»,- деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетейік, медициналық тексеруден өтуден бас тартса бұл әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі. Тіпті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 613-бабының 4-бөлігіне сәйкес көлікті басқару құқығынан 2 жылға дейін айыру жазасы көзделген.