Ақтөбеде боранды күні жолда қалған жүзге жуық адам жылыту бекетіне жеткізілді

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жолда қалған 93 адам эвакуацияланды. Жолаушылардың бәрі жылыту бекетіне орналастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түнде Ақтөбеде құтқару жұмыстары жүрді. Оған 52 құтқарушы мен 14 техника жұмылдырылды.

«Кеше сағат 22:50-де Самара - Шымкент тасжолында шектеу қойылып, құтқарушылар жолаушылар автобусына (Бішкек - Мәскеу бағыты) Қарабұтақ ауылына дейін еріп барды. Жылыту бекеті орналасқан орталық мешітке 41 Өзбекстан және Тәжікстан азаматтарын эвакуациялады. Олар медициналық көмекті қажет етпеді», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.


Тағы бір автобус Ақтөбе қаласындағы жанар-жағармай бекетінде тұрып қалған. Бұзылған автобус ішіндегі 54 адам Жаңақоныс ауылындағы мешітке орналастырылды. Бәрі Өзбектсан азаматтары. Ауырып, дәрігер көмегіне жүгінген адам болмады.

Ақтөбе облысының ТЖД алыс жолға шыққан кезде дауылды ескертулерге бейжай қарамауға шақырады.

Еске салсақ, бұған дейін боранды күні барлық бағытта жол қозғалысы шектелді. 24 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты жан-жақты авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Ақтөбе облысының 7 ауданында барлығы 596 жеңіл автокөлік, 1 339 жүк көлігі, 23 жолаушылар автобусы тоқтады. ТЖД күшімен қар құрсауында қалған автокөліктерден 13 адам құтқарылды. Барлығы 520 адам эвакуацияланды және 8 жылыту бекетіне орналастырылды.


Соңғы жаңалықтар
telegram