Ақтөбеде бір тәулік ішінде 30 көлік соқтығысып, 4-еуі аударылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында қар жауғанда жолда жол-көлік апаты көбейді. Бір тәулікте 30 көлік соқтығысып, 4-еуі аударылды.
Ақтөбе облысындағы республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда ескерту жасалды. Жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі үшін полиция тәулік бойы кезекшілікке шықты.
– Тәртіп сақшылары қозғалысты реттейді және қиын жағдайға түскен көлік жүргізушілеріне көмектеседі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бір күн ішінде облыс жолдарында 30 көлік соқтығысқан және 4 автокөлік аударылды. Зардап шеккендер жоқ. Соның ішінде Батыс Қытай - Батыс Еуропа тасжолында MAN маркалы жүк көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай аударылды. Жүргізуші дін аман, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Ақтөбеде кешеден бастап қар жауып тұр. Қазіргі кезде шиномонтажда кезек те көбейді. Жұмысшылар бұл жыл сайын қайталанатын көрініс екенін айтты.