Ақтөбеде қар жауып, көлік дөңгелегін ауыстыруға кезек көбейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде қар жауып тұр. 2025 жылға жолдарды күтіп ұстауға 2,7 млрд теңге бөлінеді. Ал көлік жөндейтін техникалық қызмет көрсету орындарында кезек көп.

сто
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform
көлік жөндеу
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Ақтөбе қаласында қазір қар жауып тұр. Мұнда қозғалыста қандай да бір кедергі байқалмады. Дегенмен көлікке қызмет көрсететін орындарда кезек таңғы сағат 7:00-де басталды. 9:00-де ғана жұмысын бастаған жұмысшылар әр 20-30 минут сайын бір көліктің 4 доңғалағын ауыстырады.

көлік жөндеу
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

- Қар жауған күні дәл осындай кезекті көреміз. Бұл біз үшін үйреншікті жағдай әрі табысымыз артады. Таңда ашылғаннан бері 5 көлікке қызмет көрсеттік. Олар өзара кезекке тұрады, біз сол кезекпен ауыстырып береміз. Шиномонтажда 4 адам жұмыс істеп жатыр. Әркімнің өз қызметі бар. Бірі доңғалақты шешіп алады, екіншісі жарамдылығын тексеріп, алмастырады. Көктайғақ жоқ қазір, бірақ адамдар сақтық үшін ауыстырады. Қар жаумағанда, қазан айының соңында-ақ кезек қойып жатты», - деді техникалық қызмет көрсету орнының қызметкері Антон Степанов. Бұл жердегі қызмет құны 6 мың теңгеден басталып, 10 мың теңгеге жетеді.

көлік жөндеу
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті жолдарды күтіп ұстау үшін 2025 жылға 2,7 млрд. теңге қарастырылған. Бұл сома облыстық мәслихаттың таяудағы сессиясында бекітіледі.

- Облыстағы жолдардың жалпы ұзындығы – 4 440 шақырым. Оның ішінде 1 265 шақырымы облыстық маңызы бар, 3 175 шақырымы аудандық маңызы бар жол. Бұл жолдарды қыста күтіп ұстауға 43 мердігер ұйым жауапты. 401 техника, 5 мың тонна инертті материал, 965 тонна дизель отыны әзірленді. Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, жылыту пункттерін дайындау және оларды қажетті азық-түлік қорымен қамтамасыз ету, сондай-ақ жол бойындағы су өткізу құбырларын тазалау жұмыстары аяқталып қалды,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

дөңгелек ауыстыру
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Еске салсақ, қыста Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар жолдарды ​«ҚАЖсервис» компаниясы мен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер күтіп ұстайды. Жеткіліксіз техникаларды жалға алуды жоспарлап қойған.

Ақтөбе көшелері
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform
Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform
Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

 

 

Соңғы жаңалықтар