Ақтөбеде республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға қажетті техника жеткіліксіз

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қыста Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар жолдарды ​«ҚАЖсервис» компаниясы мен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер күтіп ұстайды. Жеткіліксіз техникаларды жалға алуды жоспарлап қойған.

техника
Фото: «ҚАЖсервис» ЖШС Ақтөбе облыстық филиалы

Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 1869 шақырымды құрайды. Оның 117 шақырымында қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақтөбе-Астрахань автожолы биыл қолданысқа беріледі. Егер бұл аумақ қолданысқа берілсе, қыста күтіп ұстауға қосымша 17 техника қажет болады.

Ал «Самара-Шымкент» тасжолының 791-819 км аралығына құрылыс жүргізіп жатқан «Сине Мидас Строй» ЖШС-і жауапты. Компания қыста үздіксіз және қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында 10 арнайы техниканы дайындап қойды.

Ал «ҚАЖсервис» ЖШС Ақтөбе облыстық филиалы республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдары желісінің әзірге 1752 шақырымын күтіп ұстау жұмыстарын атқарады. Мұнда 400-ден астам жұмысшы бар. Жолға барлығы 250-ден астам техника қажет болса, оның қазір 104-і ғана бар. Биыл 18 техниканы жалға алғанымен әлі де 150-ден астамы қажет. 

техника
Фото: «ҚАЖсервис» ЖШС Ақтөбе облыстық филиалы

— Жетіспейтін арнайы техникалар жалға алынады және орталықтан техника жеткізіледі. Қажетті 257 техниканың 135-і, яғни, 50%-ы бар. Қысқы мерзімге 33 мың тоннадан астам құм, 7 мың тоннадан астам тұз дайындалады. Сонымен бірге жол бойында орналасқан 15 жылыту пунктінде 51 кереует жабдықталды, — деп хабарлады «ҚАЖсервис» ЖШС Ақтөбе облыстық филиалы.

Қазіргі кезде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 246 шақырымында 100-ден астам учаске қауіпті аймақ тізіміне енді. Яғни, бұл жерлерде қар басу қаупі жоғары. Бұл учаскелердің 86 шақырымында темірбетон қоршау орнатылған. Қалған учаскелерінде ағаштан жасалған қалқандарды орнату және қар тоқтату жұмыстары жүргізіледі.

— Аса қауіпті учаскелерде, яғни, Бершүгір тауында, Қалыбай және Ақжар ауылдарында, Ақтөбе-Орск жолының 60 шақырымындағы қырда бульдозер бекітілген. Сонымен бірге соңғы жылдары кезіккен қиындықтарға байланысты инертті материалдар сақтау орны көбейді. Барлығы 11 орынға құр мен тұз жеткізіледі, жылыту пункттері де сол жерлерде болады. Үздіксіз және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін диспетчерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Демалыс, мереке күндері кезекшілік ұйымдастырылады, — деп хабарлады «ҚАЖсервис» ЖШС Ақтөбе облыстық филиалы.

Еске салсақ, қазіргі кезде төтенше жағдайлар қызметі мен азаматтық құрылымнан 1 567 адам мен 455 техника әзір. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 129 жылыту бекеті болады.

Соңғы жаңалықтар