Ақтөбеде дәрігерді өлтірген мейіргер сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Нұрсұлтан Шаймерденов 20 жылға бас босандығынан айырылды. Сонымен бірге жәбірленушілерге 10 млн теңге моральдық шығын төлеуі тиіс.

Ақтөбеде дәрігерді өлтірген мейіргер сотталды
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы Нұрсұлтан Шаймерденовке үкім шықты. Ол Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Ұрлық» баптарымен айыпты деп танылды. 

— Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 8-тармағы бойынша 16 жыл, 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша 4 жыл 8 ай, түпкілікті 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. А.Айсағалиевтің атынан берілген азаматтық талап арыз ішінара қанағаттандырылсын. Сотталушы Нұрсұлтан Шаймерденовтен 2 837 321 теңге, заңды өкілінің шығыны ретінде 3 млн теңге, моральдық шығын 10 млн теңге өндірілсін. Заттай айғақтар жәбірленуші тараптың иелігіне берілсін. Оның ішінде 4 480 050 теңге, 50 еуро, сағат, алтын бұйымдар бар, — деді судья.

Ақтөбеде дәрігерді өлтірген мейіргер сотталды
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform

Үкімнен кейін Абай Айсағалиевтің жиені сот үкіміне келісетінін, алайда нағашы ағасы өзінің туған әкесіндей, балаларына ата болғанын айтты. 

— Біз сол кезде Алматы қаласында жүрдік. Байланыс үзілгенде дереу жолға шығып, 48 сағатта келдік. Осы 48 сағатта қатты алаңдап, уайымға салындық. Ақтөбеге келгенде нағашымды өлтіріп, мұздатқышқа салып, үйінен алып кеткенін білдік. Біз адам сияқты қоштаса алмадық. Тек мәйітханадан әкеліп, жаназасын оқып, жерледік. Жарты жыл бойы осы ауыртпалықпен жүрдік. Жоспары көп еді. Мүгедектік рәсімдеп, мүлкінің бәрін сатып, Астанаға көшуді мақсат етті. Ал оны аса жауыздықпен өлтірді, — деді Айбек Кауанов.

Айта кетейік, биыл нефролог Абай Айсағалиевті 31 жастағы мейіргер өлтірді деген күдікке ілікті. Екеуі бір-бірін таниды, бір емдеу орнында жұмыс істейді. Мейіргер дәрігерді өлтірген соң денесін мұздатқышқа салып, гаражға, кейін көпқабатты үйдің жертөлесіне апарады. 

Кеше прокурор сотталушыны айыпты деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. 

Соңғы жаңалықтар