Ақтөбеде Досжан ишан кешенінде қазба және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Темір ауданындағы Досжан ишан мешітінде биыл қазба және қалпына келтіру жұмыстары жалғасады.

Досжан ишан кешеніндегі зерттеу жұмыстарының басталғанына 5 жылдан асты. Содан бері мұндағы медресе мен мешітте реставрация басталды. Биыл Досжан ишанның үйі мен мұнара орнында қазба жұмыстары жүргізіледі. Жобалық-сметалық құжат дайындалған соң екі нысан да қалпына келтіреледі.

- Биыл мешіттің солтүстік бөлігі қалпына келтіріледі. Сол қабырғасы жақсы сақталған. Былтыр ою-өрнекке консервация жасалған еді. Барлығы 15 шаршы метр жерде орналасқан ою-өрнекті қырып алып, музейге сақтайды. Ал 1 шаршы метрді Алматыға алып кетеді. Сол жақта зерттеу жүргізіп, құрамын анықтайды. Кейін сол негізде мешіттің солтүстік қабырғасы көтеріледі,- деді Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Фархад Досмұратов.
Жоспар бойынша Досжан ишан кешенін толық қалпына келтіру жұмыстары 2026 жылы аяқталуы тиіс.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Құнанбаймен бірге Меккеде қонақүй салдырған Досжан ишан мешітіндегі декор элементтері былтыр анықталып, көпшілік қызығушылығын туғызды.
Бөгде адамның қолында болған Досжан ишанның мөрі 2019 жылы музейге тапсырылады.

Сонымен бірге биыл Ақтөбеде ғұн-сармат кезеңінің ескерткіштеріне зерттеу жалғасады. Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан бойынша филиалының директоры Аслан Мамедовтің айтуынша, бұл кезеңді зерттеу жұмысы тек кейінгі жылдары ғана қолға алынған.
- Ғұн-сармат кезеңінің ескерткіші әр ауданда бар. Қазір біз тауып, зерттеп, картаға түсіріп жатырмыз. Кейбірінде тым аз болса, кейбір ауданда жұмыстың ұзаққа созылатын түрі бар. Көбі Темір, Ойыл, Қобда және Мұғалжар мен Әйтеке би аудандарында. Ең қызығы – жерлеу рәсімі өзге. Бұл кезеңде үлкен қорым пайда болған. Темір дәуірінде қырдың басында болса, мұнда ойда, өзен жағасында да кездеседі. Қорған да, ғибадатхана да бар бұл дәуірде. Әсіресе Батыс Қазақстанда көп. Тіпті 5-6 шақырымға созылып жатыр,- деді Аслан Мамедов.