Ақтөбеде дропперлерге қатысты 20-ға жуық іс тіркелді

АҚТӨБЕ. KAZINFROM — Дропперлердің көбі студенттер, жастар. Қазір Ақтөбеде бір қылмыстық іс бойынша үкім шығып, біреуі сотта қаралып жатыр. 

Ақтөбеде дропперлерге қатысты 20-ға жуық іс тіркелді
Фото: Астана прокуратурасы

Елімізде банк картасын, есепшотын, екінші деңгейлі банк қосымшасын уақытша қолданысқа берген адамдар жауапқа тартылады. Сонымен бірге белгісіз бір номерден банк картасына ақша түссе, кейін оны өзге есепшотқа жіберуді сұрағандарға көмектессе дроппер болып танылуы мүмкін.

— Қазіргі кезде Ақтөбе облысында 17 қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Бір іс бойынша үкім шығып, тағы бірі сотқа жетті. Күн сайын барлық қылмыстық іске мониторинг жүргізіледі. Кез келген ақша аударымы мұқият тексеріледі. Банк картасын, шотын өз еркімен берді ме деген сұрақтың жауабын іздейміз. Дроппер тек интернет алаяқтарымен байланысты қылмыс түрі емес. Сонымен бірге заңсыз есірткі айналымы кезінде де тіркеледі. Ескірткіні сату кезінде ақшаны өзге бір адамның атына аударуы мүмкін. Көбіне 18-20 жастағы жастар осы құрыққа түсіп қалады. Олар жеңіл табыс табамын деп ұрынып қалып жүр. Ал бұл жерде банк картасын қолдану кезінде 20-50 мың теңге ұсынады, — деді Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Әсет Арықов.

Оның айтуынша, 18-20 жастағы студенттер арасында жігіттермен қатар қыздар да бар.

— Студенттер қалаға оқуға келеді, тез ақша табу үшін өз банк карталарын сатады. Бір адам елімізде 15 шот аша алады. Әр кезде 2-3 шоттан сату мүмкіндігі де бар. Жастар кейін банк есепшоты арқылы қанша ақша аударылып жатқанын қарамайды. Тек басына іс түскенде біледі, — деді Әсет Арықов.

Айта кетейік, биыл Қазақстанда дропперлікке байланысты 393 қылмыстық іс тіркелді.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасының орынбасары Ерәділ Ахметов мәлім етті

Еске салсақ, Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша дропперлер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады