Ақтөбеде екі қала мен 11 ауыл әкімі сайланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысында сайланған 13 әкімнің 10-ы мемлекеттік қызметші, екеуі бюджеттік сала қызметкері, біреуі уақытша жұмыссыз адам. 

Ақтөбеде екі қала мен 11 ауыл әкімі сайланды
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Ақтөбе облысы бойынша 6 ауданда сайлау өтті. Алға, Әйтеке би, Ырғыз, Қобда, Мұғалжар, Ойыл аудандарында 2 қала және 11 ауылдық округ әкімі сайланды. Оның 9-ында өкілеттілік мерзім аяқталған, 4-інде қызметтік өкілеттілік мерзімінен бұрын тоқтатылған.

— Сайлауды өткізуге 6 аудандық, 41 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды. 13 сайлау округі бойынша 45 кандидат ұсынылды. Оның 9-ы (20%) «AMANAT» партиясынан, біреуі (2,2%) «Ауыл» партиясынан, 35-і (77,8%) өзін-өзі ұсынушы. Тіркеуге дейін 4 кандидат өз еркімен арыз жазып, кандидатурасын қайтарып алды. Сайлауға 41 кандидат қатысты. Сайланған әкімдердің 10-ы мемлекеттік қызметші, екеуі бюджеттік сала қызметкері, біреуі уақытша жұмыссыз. Сайланған әкімдердің 9-ы «АМАNАТ» саяси партиясынан, біреуі «Ауыл» партиясынан ұсынылды. Ал үшеуі өзін-өзі ұсынушы. Сайланған әкімдердің орташа жасы — 47 жас. Ең кішісі 34 жаста, ең үлкені 62 жаста, — деді Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ақмарал Ақмарал Нұрмағанбетова.

Айта кетейік, 27 мыңға жуық сайлаушының 11,3 мыңы қатысып, өз таңдауын жасаған. Сайлау күні 62 сенімді өкіл, 62 байқаушы тіркелді. Дауыс бергендер арасында мүгедектігі бар 73 сайлаушы бар.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде ауыл әкіміне үміткерлердің басым бөлігі өзін-өзі ұсынушылар екені туралы жазған едік. Сайлауда оның үшеуі көп дауыс жинады

Соңғы жаңалықтар