Ақтөбеде екі компания жоқ құбырды өзара сатып алған

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде мұнай компаниясы техника мен құрал-жабдықтар сататын ЖШС-пен келісімге келіп, жоқ құбырды сатып, сатып алған. Екі арадағы келісім сомасы 43 млн теңге болды. Сот бұл келісімшарттың күшін жойды.

ауыстырды
Фото: Алматы әкімдігі

Екі компания арасындағы құйтырқы істі салық органдары анықтап, кейін тексеру жүргізеді.

Іс материалына сүйенсек, шетелдік мұнай компаниясы техникалар мен құрал-жабдықтарды көтерме бағада сатумен айналысатын ірі компаниямен уағдаласып, құбыр жеткізуге келіседі. Екі арадағы келісімшартта 43 млн теңге көрсетілген. 

Тіпті шот-фактура бар. Жеткізушіге қосымша құн салығына 5 млн теңге де аударылған. 

— Жеткізушіде тауар болмаған. Сондықтан қаржылық-шаруашылық операцияларды жүзеге асыру мүмкін емес. Осы үшін мемлекеттік орган олардың үстінен сотқа шағымданды. Бірінші сатыдағы сот мәміле тараптар арасында бір де бір шаруашылық операция жасалмағанын анықтады. Құжат салық жүктемесін азайту мақсатында ресімделген, жасанды түрде жасалған. Талап қою қанағаттандырылды, шарт жарамсыз деп танылды, — деп хабарлады ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі. 

Алайда апелляция шағым қанағаттандырусыз қалдырылып, бұл шешімнің күші жойылды. Салық органы болса шешімге келіспей, кассациялық тәртіпте шағым түсірді.

Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы істі қарап шықты. Сөйтіп жабдықтаушылардың мемлекеттiк тiркеу және қайта тiркеу құжаты жойылды. Сатушы компанияның тауарды тасымалдайтын көлігі, арнайы техникасы мен қоймасы да болмағаны анықталды.

Жоғарғы сот даудың бүкіл мән-жайын толығымен бағалай отырып, бірінші сатыдағы соттың шешімін заңды және негізді деп таныды.

Еске салсақ, «СНПС-Актөбемұнайгаз» АҚ сұйытылған газ тасымалдаушылардан алдын ала төлем талап еткен. Бұл бұзушылықты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тексеру кезінде анықтады.

Соңғы жаңалықтар