Ақтөбеде экологтар қаланы жайлаған жағымсыз иістің қайдан шыққанын анықтай алмай жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласын жағымсыз иіс жайлады. Экологтар шаһардың бірнеше ауданына барып, өлшем жасады. Бірақ иістің көзі белгісіз.

Ақтөбе қаласының тұрғындары кеше кешкілік жағымсыз иіс шыққанын айтып, әлеуметтік желі арқылы өз шағымын білдірді. Әсіресе Шанхай, Алтын орда шағын аудандарында иіс анық сезілді. Экологтар түнде бірнеше нүктеге барып, өлшем жасады.
- Кеше мамандар сағат 23:00-ден бастап сағат 02:00-03:00-ге дейін жүріп, қаланың бірнеше ауданынанда өлшем жасады. Әр ауданда бақылау жүргенімен, иістің қайдан шыққанын анықтай алмадық. Иіс Алтын орда шағын ауданы, Сәңкібай батыр даңғылы бойында қатты болғаны рас. Қазір иіс жоқ. Мамандар тағы да шығып, қарайды. Түнде қандай да көрсеткіш тіркелмеді. Тіпті зауыт айналасына да барды. Тұрғындардан жазбаша шағым түспеді, әлеуметтік желіге жариялады. Өзіміз де иісті сездік,- деді Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында жаз айларында жағымсыз иіс шығады. Бұл проблема бірнеше жылға созылып келеді. Иістің бірнеше көзі бар. Ең үлкені – кәріз сорғы стансасы.
Сонымен бірге Ақтөбе қаласында жаңа кәріз тазарту қондырғысын салуға Еуропа қайта құру және даму банкінен қаражат тартылатыны туралы айтылды. Бірақ әзірге жобаның қай уақытта іске асатыны белгісіз.