Ақтөбеде эпилепсияға шалдыққан балалар қабылдайтын дәрі табылмай жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Осполот препаратын таппаған ата-аналар көмек сұрап, шағым түсірді. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл дәрінің мемлекеттік тіркеуде жоқ екенін айтты.
Ақтөбе қаласының тұрғыны қызының ауруы дендегенін, оны басу үшін арнайы препараттың қажет екенін айтып шағым түсірді.
— Қызым эпилепсия ауруына шалдыққан. Үкіметтен тегін берілетін осполот дәрісін ала алмай отырмыз. Бізге тек осы дәрі ғана көмектеседі. Қазір жағдайымыз ауыр. Біз сияқты көптеген ата-ана шарасыз күйде отыр. Сатып алайын десе де дәріханада жоқ, — деді қала тұрғыны Бағдат Баймурзин.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оспалот препараты мемлекеттік тіркеуде жоқ. Сол себепті дәріні сатып алу мүмкін емеc.
— Ақтөбе облысында тіркеуде тұрған 7 науқас бала қордағы қалған дәрілік препараттармен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні штаттан тыс бас балалар неврологі пациенттердің емдеу сызбасын және эпилепсияға қарсы басқа препаратқа ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 2 балаға қатысты емдеу тәсілі өзгертілді, — деді басқарманың баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Павлодар облысында жыл басынан бері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында 8 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.