Ақтөбеде ертеңнен бастап әлеуметтік нысандарға жылу беріледі
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жылу алдымен балабақша, мектеп, аурухана, интернат үйлеріне беріледі. Ал 15 қазаннан бастап тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар қамтылады.
«Aqtobe su-energy group» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде қалада жылыту маусымына дайындық жұмысы аяқталды. Барлығы 27 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Сонымен бірге жылу құбырлары да ауыстырылды.
- Жылыту маусымына дайындық кезінде 29 учаскеде 4,13 шақырымдық жылу құбыры ауыстырылды. Оның ішінде 1,83 шақырымы инвестициялық бағдарлама аясында жаңғыртылды. Ал қалған 2,3 шақырымы күрделі жөндеу жұмыстары кезінде ауыстырылды. Кейін гидравликалық сынақтан өткізіліп, ақаулар дер кезінде қалпына келтірілді. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына, Ақтөбе облысында жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларына сәйкес 5 тәулік бойы орташа температура +10 °C және де одан да төмен болса жылу беру шешімі қабылданады. Ақтөбе қаласы бойынша 2026 жылы 1 қазаннан бастап мектептер, интернат үйлері, мектепке дейінгі және медициналық мекемелерге, 15 қазаннан бастап тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға жылу беріледі, - деп хабарлады «Aqtobe su-energy group» АҚ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Қазақстанның бес өңірінде жылыту маусымы басталды. Ауа райына байланысты осы аптаның соңына дейін тағы бес өңірде жылу беріле бастайды. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Үкімет отырысында айтты.