Ақтөбеде ғасырлық тарихы бар саябақты жөндеуге 600 млн теңге жұмсалады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Саябақ бұған дейін жекенің қолында болды. Бірнеше жыл бойы сот процесі жүріп, әкімдік 2 гектар жерді кері қайтарды.

Ақтөбеде ғасырлық тарихы бар саябақты жөндеуге 600 млн теңге жұмсалады
Фото: Ақтөбе қаласы әкімдігі

Ақтөбенің ескі бөлігінде орналасқан А. С. Пушкин атындағы саябақ 35 жыл бойы жөнделмеді, жаңғыртылмады. Себебі жекенің қолына өтіп, кәсіпкер мен әкімдік жылдар бойы соттасты.

— Ұзақ жыл жекеменшіктің иелігінде болып, қараусыз азып тұрды. Оны қаланың қорына қайтару үшін бірнеше жылға созылған сот процесстері жүрді. Қазір саябақ сот шешімімен жекеменшіктен мемлекет меншігіне өтті. Оны жаңарту, жөндеу үшін жеке компания 600 млн теңге қаражат бөлуге келісім берді. Қазір саябақ аумағы қоршалды. Жұмысқа кіріскен мердігер ұйым өкілдерімен қала әкімі Азамат Бекет кездесті. Өткен ғасырда Пушкин саябағы Ақтөбенің мәдени орталығы болып саналды. Бұл парк ақтөбеліктер үшін ыстық, ескі қаланың жүрегі десек те болады, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Саябақта балалардың ойын алаңы, субұрқақ болады. Демалысқа арналған орындықтар қойылып, жан-жағындағы қоршау түгел алынады. Сонымен бірге ағашты сақтап, тек қураған бұрақты кесу, жаңа ағаш түрлерін егу жоспарланды.

Еске салсақ, бұған дейін саябақты жаңғырту жобасы әзірленді.

Саябақ ретінде бұл орын 1887-1890 жылдары құрылған. 1937 жылы паркке классик ақын, ХІХ ғасырдың ықпалды әдеби қайраткері Александр Пушкиннің аты берілді. Былтыр қыста саябақтағы аттракционның темір қаңқасын бөлшектеп тастады.

Ақтөбе қаласының әкімдігі мен «А. С. Пушкин атындағы қалалық саябақ» ЖШС-і арасындағы дау бірнеше жылға созылып келеді. 2020 жылы саябақ иесі Николай Выходец Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін сотқа берді.