Ақтөбеде химия зауыты аумағындағы қалдықтың қайда тасымалданып жатқаны белгісіз

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Алға химия зауыты аумағында жаңа бір үйінді пайда болды. Экологтар жерді қазған компания басшылығын іздеп, кездесуге шақырды.

Ақтөбеде химия зауыты аумағындағы қалдықтың қайда тасымалданып жатқаны белгісіз
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, Алға химия зауыты аумағында үйінділердің пайда бола бастағанына бүгінде бір айға жуықтаған. Алғашқы күні-ақ полиция, прокуратураға хабар берген. Олар өз кезегінде экологтарға айтты. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің айтуынша, полицияға түскен хабарламадан соң мәлімет экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жіберілген. 

- Зауыттың бұрынғы территориясында жерді қазып алып, оны теміржол аумағына үйген. Сол жерден вагонға тиеп, алып кетіп жатыр. Басқа жерге тасуды бастаған. Рейд кезінде барып, жұмысшылардан қандай мекеме екенін сұрадық. Құжаты бар екенін, басшылар хабарласатынын айтқанымен, бір ай өтсе де ешкім келмеді. Біз полицияға нақты анықтап беруді сұрадық,- деді Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин.

Оның айтуынша, зауыт жабылған соң аумақ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл даму» АҚ-на берілген. Облыстық экология департаменті ескертуінен соң «Жасыл даму» АҚ-нан мамандар келіп, акт толтырды. 

- Кімге керек, кім алып жатқанын өзіміз де білмей тұрмыз. Жұмысшылардың айтуынша, «BG Development Co» ЖШС-і екен. Телефон нөмірін тауып алып, дүйсенбі күнге кеңсеге шақырттық. Сол кезде нақтысы белгілі болады,- деді Талап Ұснадин.

Айта кетейік, Алға химия зауыты Елек өзенін бормен ластап жатыр. Қала іргесіндегі алып өндіріс ошағы бүгінде алып қоқыс алаңына айналған. Бұған дейін Kazinform тұрғынмен, депутаттармен, экологтармен сөйлесіп, 730 мың тонна болатын қоқысты тазарту жолын сұрады.

Министрлік С. Киров атындағы бұрынғы Алға химия зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды жою жобасын түзету және жою жұмыстарын жүргізу 2025-2026 жылдарға қарастырылғанын мәлімдеді

Соңғы жаңалықтар
Референдум