Ақтөбеде ит-мысықты аулауға биыл 100 млн теңге бөлінді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ит-мысықты аулау бөлінген қаржы былтырға қарағанда екі есе аз.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес өңірде ит-мысықты аулау, бағу жұмысы жалғасады.
- Биыл облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінді. Оның 57 млн теңгесі аулау, 34 млн теңгесі күтіп бағуға бағытталады. Қазір бұралқы итті аулау жұмысы жүріп жатыр. Қала шетіндегі жеке серіктестіктің ветеринариялық-санитариялық талапқа сай келетін орны ыңғайлы болып тұр,- деді Ақтөбе облыстық ветериянария басқармасы басшысының орынбасары Бердімұрат Бекжанов.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша былтыр бұралқы итті аулау, уақытша ұстау, стерильдеу жұмыстарына 201 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды. Талап бойынша ветеринариялық стансада бірнеше ит аулаушы қызметкер болады. Олар кез келген уақытта, кез келген күні тапсырыс қабылдап, аулау, жансыздандыру жұмыстарын жүргізеді.