Ақтөбеде қар жинауға жауапты мердігерлер үзіліссіз жұмыс істеп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Үш күнде 9 800 текше метр қар жиналды. Мердігерлер екі ауысымда жұмыс істеп жатыр.
Ақтөбе қаласында үш тәуліктен бері қар жауып тұр. Қар жинау жұмыстары да екі ауысымда әрі үздіксіз жүргізіліп жатыр.
— Ақтөбе қаласы аумағында жалпы ауданы 7 млн шаршы метр болатын 18 жол учаскесі бар. Оған 13 мердігер мекеме жауапты. Толассыз қар жауып, мердігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Яғни әр ауысымға тәулігіне 10-12 сағат жұмыс бекітілді. Арнайы көлік тек жүргізушілер ауысқанда, жанар-жағармай құйғанда ғана желіден шығады, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
2-қаңтар күні күндіз 200 арнайы техника жұмылдырылды.
Айта кетейік, Ақтөбеде бірқатар жолда көлік қозғалысына шектеу қойылды. Соның ішінде жүк және қоғамдық көлік қозғалысына уақытша шектеу бар.