Ақтөбеде қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жалдамалы пәтер иесін қайшымен қорқытып, бағалы заттары мен ақшасын алып кеткен күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қалалық полиция бөліміне жалдамалы пәтер тұрғынын қорқытып, қарақшылық шабуыл жасған екі адам туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына жедел жеткен топ бірден іздестіру жұмысына кірісті.
«Жалдамалы пәтердің есігін белгісіз адамдар қаққан кезде 48 жастағы ер адам еш ойланбастан ашқан. Осы уақытта олар пәтерге баса көктеп кіріп, пәтер иесін қайшымен қорқытқан. Кейін үйінен «Samsung» маркалы ұялы телефонын, 20 000 теңге ақшасын, сондай-ақ күртешені ұрлап кеткен. Шығыны 120 000 теңгені құрады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, бір сағат ішінде күдіктілерді ұстады», - деді облыстық ПД бастығы Атығай Арыстанов.
Қазір Қылмыстық кодекстің «Қарақшылық» бабымен іс қозғалып, екі күдікті қамалды. Тергеу жүріп жатыр.