Ақтөбеде карантинді өрескел бұзған бизнес субьектілерін су мен жарықтан ажырату ұсынылды
Ақтөбе облысы «сары» аймақта болса да, тұрғындар той мен еске алу шарасын өткізіп жатыр.
Бүгін Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева шектеуге құлақ аспағандар үшін талап қайта күшейетінін хабарлады.
«Облыста 47 мобильді топ бар. Олар 160-тан астам тексеру жүргізіп, материалдарды департаментке тапсырды. Қазіргі кезде 142-іне қатысты әкімшілік хатттама толтырылды. Оларға 19 миллион теңге айыппұл салынды. Бірақ дәмхана мен мейрамханада той мен басқа да отбасылық, ұжымдық басқосу өткізуге болмайы деген ескертуге селсоқ қарайтындар бар. Сондықтан әкімдікке бизнес субьектілерін коммуналдық желіден ажыратуға ұсыныс беріп отырмыз», - деді Нұрсұлу Беркімбаева.
Айта кетейік, өткен тәулікте өңірде 61 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның 51-і дерттің симптомды түріне шалдыққан.
«Қазіргі кезде 300-ден астам адам инфекциялық ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның 18-і жансақтау бөлімінде. Қазір екеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Қазіргі кезде тағы 1 мыңнан астам адам карантинде жатыр. Олар екі апта дәрігерлер бақылауында болады.