Ақтөбеде қаза болған жұмысшылардың отбасы шығынды комбинаттан өндіріп алды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Дөң кен-байыту комбинаты қаза болған екі жұмысшының отбасына моральдық шығын ретінде 20 млн теңге төлейді. Сонымен бірге садақа, жерлеу шығыны өтеледі.

Ақтөбе қалалық сотында Дөң кен-байыту комбинаты территориясында болған жол-көлік оқиғасы, екі жұмысшының қазасы, материалдық залалды және моральдық зиянды өтеу туралы талап арыз қаралды. Талап арыз ішінара қанағаттандырылды.
— Қызметтік автокөлік жүргізушісі қозғалыс кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамай, жолдан шығып кетеді. Сол кезде екі жұмысшыны қағып, олар қайтыс болды. Тергеу актісіне сәйкес жазатайым оқиғаның өндіріске байланысты екені анықталдыя, яғни, 50 пайыз жұмысшы, 50 пайыз жұмыс беруші кінәсінен болды. Жұмысшы жұмыс берушіге ескертпей, жұмыс орнынан кетіп, тәртіп бұзды, ал жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі курсын оқытпаған, өндірістік процесс пен жұмысты қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттар бермеген. Ақтөбе қалалық сотының шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден 4,4 млн теңгеден астам жерлеу рәмісі шығыны, 20 млн теңге (әр талап қоюшыға 10 млн теңгеден) моральдық және сот шығындары өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, былтыр Ақтөбе облысы Хромтау ауданында орналасқан Дөң кен-байыту комбинатында жүк көлігі аударылды. Оқиға орнында екі жұмысшы көз жұмды.