Ақтөбеде кеншіні бопсалаған жаттықтырушы ұсталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Полиция бірден екі іс бойынша күдіктілерді ұстады. Бірінде жаттықтырушы кеншіні бопсалады. Екінші жағдайда Ақтөбе қаласының тұрғыны интимдік сипаттағы бейнежазбаны таныстарына көрсететінін айтып, қорқытқан.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиғаның бірі Хромтау қаласында болды. Жеке спорт клубының жаттықтырушы өзінің танысын қорқытып, 500 000 теңге талап еткен.
— Жаттықтырушы мен кенші бұрыннан таныс болған. Соған қарамастан спортшы одан еш себепсіз жарты миллион теңге талап еткен. Сұраған ақшасын бермесе, өмірін қиятынын айтып бопсалаған. Екінші жағдайда Ақтөбе қаласының тұрғыны өзінің бұрынғы танысының интимдік сипаттағы бейнежазбасын жариялап жіберетінін айтып, қорқытқан. Күдікті бұрын жақын қарым-қатынаста болған әйелден 700 мың теңге ақша талап еткен. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген арнайы операция барысында екі ер адамды да жәбірленушілерден ақша алу кезінде ұстады, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің «Бопсалау» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін Ақтөбеде бопсалау және тонаумен айналысқан 7 күдікті ұсталды.