Ақтөбеде қыс сайын кептеліс болатын жолдың бір бөлігі жаңадан салынды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Самара-Шымкент республикалық маңызы бар жолының 28 шақырымы қолданысқа берілді. Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын жобасының құрылыс жұмыстары әлі бірнеше жылға созылады.
Самара-Шымкент тасжолының жиі жол апаты болатын, қыс мезгілінде жүк көліктері тұрып қалатын аумағында құрылыс жұмыстары былтыр басталды. Биыл Тассай және Жазық ауылдарында өткелдер салынып, қолданысқа берілді.
- Көпір салу жұмысының 95 пайызы аяқталды. Құны – 3 млрд теңге. Мұнда асфальт жабындысы төселді. Көпірде абаттандыру жұмыстары қалды. Бұл екі жолақты жол. Жанында тағы екі жолақты ескі жол бар. Қыста, боранды күні сол ескі жолды да пайдалануымыз мүмкін,- деді «ҚазАвтоЖол» АҚ АОФ директоры Айбол Данағұлов.
Жолдың ұзындығы - 262 шақырым. Құрылыс жүргізу жобасы кезінде жол 7 учаскеге бөлінді. Қаржы институттары анықталып, келер жылы жұмысын бастайтын мердігерлерді бекіту үшін конкурс өткізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2024–2028 жылдарға жоспарланған.
- Былтыр Ақтөбе – Қандыағаш тасжолы тапсырылды. Биыл 230 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол жұмыстарға Ақтөбе облысына 50 млрд теңгеден астам ақша бөлінді,- «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Былтыр дәл осы бағытта бірнеше шақырымдық көлік кептелісі болды. Жолдар мен кемпингтерде 2 мыңнан астам көлік тұрып қалды.