Ақтөбеде көлік кептелісі болатын халықаралық бағытта айналма жол дайындалып жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Самара-Шымкент бағытындағы Хромтау-Қарабұтақ бөлігіне айналма жол дайындалып жатыр. Бұл жолда жыл сайын жүк көліктері тұрып қалады.
Ақтөбе облысындағы халықаралық, республикалық тасжолдарды қыста күтіп ұстауды мердігерлер мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы жүзеге асырып жатыр. Қазіргі кезде «Ақтөбе-Астрахань» және «Самара-Шымкент» жолдарының бір бөлігін екі мердігер өз міндетіне алды. Жолдардағы қарды жинау үшін олар 31 техника бөлді. Сондай-ақ 1700 тонна құм және көктайғаққа қарсы 300 тонна қоспа дайындалған. Қазіргі кезде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы115 техниканы жалға алған. Қосымша тағы 34 техника тартылады.
- Облыстағы республикалық маңызы бар автожолдардағы қар басатын учаске ұзындығы - 246 шақырым. Бұл орындарда ұзындығы 86 шақырым болатын темірбетон қоршаулар орнатылған. Қалған учаскелерде уақытша ағаш қалқандар қойылады және қар тазалау жұмыстары жүргізіледі. «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ» учаскесіндегі жол қозғалысының қарқынын ескере отырып, қысқы кезеңде кептелістерді болдырмау үшін Хромтау және Қарабұтақ ауылдарында 34 шақырымдық айналма жол дайындалып жатыр. «Самара-Шымкент» автожолының 844-863 шақырымы аралығында ұзындығы 23 км болатын үш айналма жол қарастырылған. Дәл осы жолдың 963-966 және 983-985 шақырымы аралығында, яғни, Әйтеке би ауданы территориясында ұзындығы 11 шақырымды құрайтын тағы бір қосымша айналма жол салынды», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл.
Ал жергілікті маңызы бар жолдарға 43 мердігер жауапты. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жолдардағы қарды жинауға 401 техника жұмылдырылды. Барлығы 5,4 мың тонна инертті материал, 2,8 мың тонна дизель отыны әзірленді.
Еске салсақ, биыл ақпанда күн боран болып, жүздеген көлік «Самара-Шымкент» тасжолында тұрып қалды.