Ақтөбеде күннің күрт өзгеруіне байланысты жедел штаб құрылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел штаб құрды. Боранда адасып кеткендер құтқарылып, жолдарға уақытша шектеу қойылды.

боран
Фото: Kazinform/Ақерке Дәуренбекқызы

Ақтөбе облысында кеше алғашқы қар жауды. Ал бүгінгі боранда бірнеше жолға шектеу енгізілді. Қазіргі кезде республикалық маңызға ие 5 жолдың бірнеше бөлігіне уақытша шектеу енгізілді. Олар Ақтөбе - Атырау тасжолының Ақтөбе қаласы мен Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылы аралығы, Самара-Шымкент тасжолының Ақтөбе қаласы-Қарабұтақ ауылы, Қарабұтақ-Ырғыз ауылдары аралығы, Ақтөбе-Мәртөк, Қандыағаш-Емба-Шалқар-Ырғыз бағытының Шалқар-Қандыағаш қалалары аралығына уақытша шектеу қойылды. Адасып, құтқарылғандар да бар. 

- 112 қызметіне 1961 жылы туған ер адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Ол таңертең мал жаюға шығып, елді мекенге өз бетінше жете алмаған. Қарлы боран кезінде бағдарын жоғалтқан ер адамды Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының маңында құтқпрушылар тауып алып, ауылға дейін ертіп барды,- деді хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ Ақтөбе облыстық ТЖД жедел штаб құрды. 

- Төтенше жағдай туындаған кезде «112» немесе 54-86-82 нөміріне қоңырау шалуға болады. Қала тұрғындары мен қонақтарын қала сыртына жол жүрмеуге және ауа райы күрт нашарлаған жағдайда мүмкіндігінше үйден шықпауға шақырамыз,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі. 

Еске салсақ, Ақтөбеде бір күнде 30 көлік соқтығысып, 4 көлік аударылды

Соңғы жаңалықтар