Ақтөбеде қымбат велосипедтер ұрланып жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде бағасы 100 мың теңгеден астатын велосипедтер ұрланып жатыр. Ұрлықшылардың көбі бұрын сотталғандар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе қаласында бір ай ішінде 73 велосипед ұрланды. Қала тұрғындары қымбат «көліктерін» көпқабатты тұрғын үйдің креберісіне және аулаға тастап кетеді. Осы сәтті ұрымтал пайдаланған ұрылар велосипедті алып, оны базар мен такси тұрақтарында сатады. « Жаз басталғалы велосипед ұрланды деп жазылған арыз көбейді. Велосипедтің 26-сы креберісте, 11-і үйдің ауласында қолды болған. Велосипед сатып алушылар оның паспортын алуы керек. Сол жерде нөмірі жазулы болады. Бұл нөмір жоғалған затты іздеу кезінде көп көмектеседі. Сериялық нөмір раманың төменгі жағында орналасқан. Тағы бір ескеретін жайт, шынжырлы құлып ұрлықшыларға кедергі емес. Олар металл бекіткішті үзіп, қиып алып кетед»,- деді қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Серікжан Дүзбаев.
Айта кетейік, қалалық ішкі істер басқармасы ұрланған велосипедтің 26-сын тапқан. Олар арызданушылардың өтінішімен кез келген уақытта қала көшелеріндегі велосипедті тексере алады. Криминалдық полиция бөлімі бастығының айтуынша, ұрланған велосипедтер такси тұрақтары мен базарларда қайта сатылады. Ұрлықшылардың көбі бұрын сотталғандар. Күдіктілер ұсталды. Олардың кінәсі толық дәлелденсе, Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша 2 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.