Ақтөбеде қызмет барысында қаза тапқан полицейлердің отбасына құрмет көрсетілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде террористік акт кезінде көз жұмған полиция қызметкерлерінің отбасына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Әлиев қаза тапқан полиция қызметкері Айдос Боранбаевтың отбасына барды. Әріптесінің балалары мен әйеліне қамқорлық таныту борышы санайтын құқық қорғаушылар оларға материалдық көмек көрсету үшін арнайы қор құрып қойған.

«Мереке күндері біз қаза тапқан қызметкерлеріміз, батырларымыздың отбасына барып, жағдайын білеміз. Бұл жолы Айдос Боранбаевтың шаңырағына келіп, қызымен, жұбайымен сөйлестік, еске алдық. Арада 10 жылдан астам уақыт өткенде балалары өсіп, бойжеткен. Қызы тұрмысқа шыққан. Бұл адамның көңілін жайландыратын қуанышты хабар», - деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Әлиев.

Айта кетейік, Айдос Боранбаев 2011 жылы террористік акт кезінде көз жұмды. Сол күні «Mitsubishi Delica» автокөлігімен жүрген белгісіз адамдар қызметтік көліктегі полицейлерге оқ жаудырып, оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция аға сержанты Айдос Боранбаев пен полиция сержанты Н.Алпысбай алған оқ жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Қызметтік және әскери борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Темір ауданы ІІБ патрульдік полиция тобының полиция аға сержанты Айдос Сартайұлы Боранбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын.


Соңғы жаңалықтар