Ақтөбеде лифт істемейтін үйдің кей тұрғындары айлап дала көрмейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлердегі лифттің 15% ауыстыруды қажет етеді. Қазіргі кезде 7-і тоқтап тұр. Қарт кісілер мен мүгедектігі бар адамдар айлап дала көрмейді.

Ақтөбеде лифт істемейтін үйдің кей тұрғындары айлап дала көрмейді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Әкімдік ай сайын уәде береді — Рысқұлов көшесіндегі 9 қабатты үй тұрғандары

Ақтөбе қаласындағы Рысқұлов көшесі № 12 үйдің 1 корпус тұрғындары соңғы 3 жылда үйден кіріп-шығуға қиналып қалды.

Кейбірі лифтінің іске қосылғанын күтіп, шыдамы таусылған соң сатып та жіберген. Ал енді бірі әкімдіктің жыл сайынғы уәдесіне сеніп, үміттеніп отыр. 

— Лифт тоқтап, азабын тартып отырмыз. Алғашында жөндемек болды, қарады, тексерді. Бірақ шын мәнінде жарамсыз күйге түскенін көріп, лифт шаруашылығы қауіпті екенін айтты. Содан бері үш жыл өтті. Құжаттарды жинап, тапсырдық. Біз бұл мәселені айтып, Ақтөбе қаласы әкімдігіне де бардық. Бізге телефон арқылы хабарласып отыруға уәде берді. Кейінгі кездері оған да жауап беруін тоқтатты. Былтыр тасқын болып, олар қаржының бәрі сонда бағытталғанын айтты. Ал биыл ай сайын сұрап отырмыз. «Республикалық бюджеттен қаржыландыру күтіп отырмыз» деп жазып жіберген. Бізде зейнеткерлер көп. Бәрі де лифт қондыруға келісім берді, — дейді тұрғын Наталья Круподер. 

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Тұрғын үйдің бір кездері өз лифтері болды. Ол тазалықты қамтамасыз етіп, лифт ішінде қалып қойған адамды шығару үшін көмек сұрап тұрған. 

Сонымен бірге бұзылған күні механикті шақырып, қаратып алу міндетін атқарған. 

— Лифт істен шықпас бұрын жиі бұзылатын еді. Адамдар қалып қойып, механиктерді шақырамын. Мен бұл лифтті жуып, тазартып отырдым. Өзім де лифтер мамандығын алған адаммын. Кішігірім жөндеу жұмыстарын жасадым. Ал қолымнан келмесе, механик шақырғанмын. Ол тіпті күніне бірнеше рет келді. Қазір біз тек әкімдіктің мамандарына хабарласып отырмыз. Алғашында жауап берді, қазір мүлде хабарын бермейді. Ай сайын уәдесін айтады, біз сеніп, күтіп, екі жыл өтті, — деді тұрғын Наталья Рубан.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Бірнеше ай далаға шыға алмадым — 85 жастағы қария

Ал 85 жастағы қария Жазира Досова бірнеше айдан бері үйден шықпай отыр. Екі тізесін бүгуге қиналатын қария балдақпен де ауыр қозғалады.

Жазира Досова
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ал баспалдақпен көтерілсе, жаны қиналып, көзіне жас та алады. Далаға шығып отыра алмаған соң үнемі балконнан қарауға мәжбүр. 

— Лифт болса бірінше қабатқа түсіп, әрі қарай далаға шығар едім. Өзім 85-темін. Қазір құлап қалсам, масыл боламын. Өзім былтырдан бері дала көрмей, осы аптада ғана зейнетақы алатын банк картасын жасатуға бардым. Жолға ақша төлейді, суға кеткенге ақша төлейді, бала туса тағы береді. Неге лифтке ақша бөлмейді? Мұнда үлкен кісілер бар, — деді Жазира Досова.

Қалада 50 жыл болған лифтілер бар — қызмет көрсету компаниясы

Ақтөбе қаласында лифтті жөндеу, қалпына келтірумен айналысатын 4 компания бар. Мәселен «ЛифтСервис» сауда-сервис компаниясы қазір қаладағы 500 лифтке қызмет көрсетеді.

— Талап бойынша лифтті қолдану мерзімі 25 жыл болғанымен, қалада 50 жыл бойы қызмет етіп тұрған жеделсатылар бар. Бұл дегеніміз нормадан екі есе асып кетіп тұрғанын білдіреді. Қазір бұл лифтер өте қауіпті. Лифтті сөндіріп тастауға тағы болмайды. Ол ескі үйлерде зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар тұрады. Егер тоқтатып тастасақ, адамдар үйден шыға алмай қалады. Қазір оларда Самарқанда жасалған лифт тұр. Олардың қосалқы бөлшектері жоқ. Адамдар қызмет көрсету тарифімен қатар кейде жөндеуге бөлек ақша жинап, төлейді. Қалада Терможаңғырту бағдарламасымен ауыстыруды жоспарлап отыр. Биыл сең қозғалып, 100-ден астам лифтті ауыстырады деп күтіп жүрміз, — деді компания өкілі Ботагөз Жұмағалиева.

Оның айтуынша, Самарқанда жасалған, 30-50 жыл бойы пайдаланылған релелік лифтті ауыстырып үлгермей, Беларусь елінен шыққан жеделсатылар да жаңартуды қажет етіп тұр.

Олардың да қолдану мерзімі өтіп жатыр. 

— Қазір біздің компанияда кадр тапшылығы жоқ. Ең маңыздысы — қолдану мерзімінен асып кетпеуі тиіс. Егер лифтті уақытылы тексеріп, қосалқы бөлшектерін ауыстырып тұрса, мәселе туындамайды. Бұл да көлік сияқты. Күтімі жақсы болса, ұзақ жыл қызмет көрсетеді, — деді ол.

Қалада 7 лифт тоқтап тұр — әкімдік

Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандарда 1274 лифт бар.

Көппәтерлі 318 тұрғын үйде орналасқан 973 лифтінің 144-і немесе 15%-ның қолданыс мерзімі 25 жылдан асып кеткен. 

— Қазіргі уақытта 7 лифт техникалық жағдайына байланысты тоқтап тұр және 13 лифт кезек күттірмей шұғыл ауыстыруды қажет етеді. Бұл лифтілер мүгедектер мен зейнеткерлердің қозғалысына кедергі келтіріп тұр. Осы лифттерді бірінші кезекте ауыстыру басты назарға алынды. 2021 жылдан бастап жалпы саны 126 апаттық лифт жабдығы ауыстырылды (2021-2022 жылдары 33 лифт және 2023 жылы 93 лифт ауыстырылды). 2024 жылы 138 лифтті ауыстыру үшін республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге сұралды, Құрылыс және ТҮКШ комитетіне бюджеттік өтінім жолданды. Бірақ қаржы бөлінбеді. Биыл наурыз айында дәл сол 138 лифт бойынша бюджеттік өтінім қайтадан жолданды. Әзірге жобалар республикалық бюджеттен қолдау таппады, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі. 

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, әр лифтті ауыстыру үшін 12 млн теңге қажет. Талап бойынша тұрғындар келісіп беріп, өтініш жазады. Кейін 7 жылға несие рәсімделеді. 

Ақтөбе облыстық білім басқармасы биыл колледждің бірінде лифт шаруашылығы мамандығын енгізеді. Бұл нарық сұранысы бойынша «Жұмысшы мамандықтар» жылында қолға алынды.

Еске салсақ, 2018 жылы Ақтөбеде лифт істен шығып, журналист көз жұмды. Сол оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, «Жанабек Сервис» ЖШС директоры Кенен Жанабеков пен механик Жарылқасын Ақжанов айыпты деп танылды. 

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

№ 2 қалалық соттың шешімімен Кенен Жанабеков 4 жылға шартты түрде, Жарылқасын Ақжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы тарап апелляциялық шағым түсіріп, облыстық сотта шешім шықты.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті Әдеп кеңесінде лифтке жауапты шенеуніктерді жауапқа тартты

Соңғы жаңалықтар