15:54, 21 Наурыз 2013 | GMT +5
Ақтөбеде «Макаров» тапаншасын сатпақ болған жергілікті тұрғын ұсталды
АҚТӨБЕ. 21 наурыз. ҚазАқпарат - Полицейлер және облыстық ҰҚКД қызметкерлері 18 наурызда бірлескен шұғыл-іздестіру шарасы барысында Ә. Молдағұлова даңғылында орналасқан дәмхана маңында 33 жастағы жүргізуші басқарған «Фольксваген» көлігін тоқтатты.

Оның салонында 25 жастағы жолаушы болған, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.
Жолаушы шұғыл топ қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Көлікті қарау кезінде целлофан пакетке оралған «Макаров» тапаншасы мен 15 оғы бар оқшантай табылды. Ұсталған азаматтың түсіндіруінше, ол өзіне тиесілі қаруды сатпақ болған. Қазіргі уақытта баллистикалық сараптама тағайындалды және бұл қарудың қайдан алынғандығы тексерілуде.