Ақтөбеде мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмысқа тартылғаны анықталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті жыл басынан бері 25 мемлекеттік органға мониторинг жүргізді. Онда 20 мемлекеттік қызметшінің үстеме жұмысқа заңсыз тартылғаны анықтылды. 

мемқызметші
Фото: freepik.com

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшінің құқығын қорғау мақсатына бақылау жұмысын үнемі жүргізіп отырады. Елдегі заңнама аясында мемлекеттік қызметші де үстеме жұмысқа тартылады. Бірақ бәрі заң аясында реттелуі тиіс.

- Төтенше жағдай және шұғыл көмекті қоспағанда мемлекеттік қызметші келісім бергенде ғана үстеме жұмысқа тартылады. Заң бойынша жүкті келіншектер мен мүгедектігі бар адамдар үстеме жұмыстан босатылған. Ал өзгесі есептелген үстеме жұмыс уақыты тәулігіне 2, айына 12, жылына 120 сағаттан аспауы тиіс. Талап бойынша оларға тынығу уақыты беріледі немесе1,5 сағаттық мөлшерлемеде ақы төленеді. Осы талаптардың сақталуы үшін тұрақты мониторинг жүреді. Жыл басынан бастап 25 мекемеде бақылау болды. Онда 20 мемлекеттік қызметшінің заңсыз үстеме жұмысқа тартылғаны анықталды. Негізі алдын ала акті толтырылуы тиіс. Акт болмаған соң мекеме басшыларына ескертіп, оларға тынығу сағаттары берілді. Жағдай Хромтау ауданы әкімі аппараты, Ақтөбе облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы, облыстық білім басқармасында тіркелді. Бірінші рет тіркелсе ескерту беріліп, қайталанса, айыппұл қарастырылған. Бізде айыппұл кездеспеді, - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облыстық департаментінің бас маманы Гүлхан Сисенбина. 

Айта кетейік, мемлекеттік қызметшілер үшін икемді жұмыс кестесі қарастырылған. Балабақшаға, мектепке бала тасымалдау үшін кейбірі алдын ала хабар беріп, рұқсат алады. Былтыр мұндай жұмыс кестесін 68 мемлекеттік қызметші қолданды. 

- Мемлекеттік қызметші алдын ала өтініш жазып, икемді жұмыс кестесін сұрайды. Есесіне түскі үзіліс қысқарады, жұмыстың басталуы немесе аяқталу уақыты ұзартылады. Талап бойынша 8 сағат жұмыс істейді, - деді Гүлхан Сисенбина.

Соңғы жаңалықтар