Ақтөбеде мұқтаж отбасыларға берілген пәтер іші кәріз суына толып қалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Байғанин ауданының тұрғыны Бақыт Бекниязова үш жыл бұрын мемлекеттен жалдамалы үй алған еді. Алайда оның бұл қуанышы ұзаққа бармады. Пәтерге кірісімен әжетханасы кәріз суына тола бастады. Мәселе әлі күнге дейін шешілмеген.

Жилье квартиры многоэтажные дома Тұрғын үй пәтерлер көп қабатты үйлер
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Б.Бекниязованың айтуынша, Байғанин ауданы Аэропорт көшесіндегі екі қабатты үй осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген.

ванна
Фото: жергілікті тұрғындардан

-Үй ішіндегі әжетхананы кәріз су басқан. Сүртіп, кептіріп қоямын, қайта толып қалады. Кейін әкімдікке барып көмек сұрадым. Олар кәріз құбыры бітеліп қалғанын айтады. Бірақ қазір лас су құбырдан ғана емес, едендегі қыш тақтайшаларының арасынан да кіріп жатыр. Бізге көмек керек,- деді ауыл тұрғыны Бақыт Бекниязов.

Дәл осы үйдің тұрғыны Гүлзат Есенбаева да үйдің сапасына көңілі толмайтынын айтты. Терезесінен жел соғатын болған соң амалдап, скочпен бітеп қойған. Сонымен бірге қабырғасында жарық барын айтты.

Тұрғындар жіберген видеодан пәтер ішінен бөлек ортақ дәлізге де кәріз суы кіріп жатқанын көруге болады. Бұл бір ғана отбасының емес, бірінші қабаттағы тұрғындардың ортақ проблемасы. Олардың ойынша, жерастында құбыр жарылған болуы мүмкін.

Бұл мәселеге Байғанин аудандық әкімдігі өз жауабын берді. Әкімдік тұрғындардың өзіне кінә артып отыр.

-Бұл үй 2021 жылы осал топтағы адамдарға пайдалануға берілді. Үйдің кәріз құбыры бітеліп қала береді. 13 рет бітелді. Құбыр бітелген сайын тіркеп отырамыз. Ішінен картоптың қабығы, шүберектерге дейін шығады. Тұрғындардың ешқайсысы мойнына алмады.

Мұнда 16 пәтер бар. Әрқайсысымен жеке-жеке жиналыс өткізілді. Еш нәтиже бермей отыр. Жанында өзге де екі қабатты үйлер бар. Оларда ешқандай мәселе жоқ, проблема тек осы үйде болып тұр. Кәрізден тіпті балалардың жөргектеріне дейін табылады. Су сорғанда ол ісініп кетіп, бітеп тастайтыны анық. Қасақана жасай ма, білмеймін.

31 желтоқсан күні бәрі Жаңа жылды тойлап жатқанда барып, кешке дейін 30 метр тростьпен тазарттық. 4-қаңтардан кейін тағы айтып жатыр. Келісімшарт бойынша адамдар өздері күтіп ұстауы тиіс,- деді Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Раушанов.

Қазіргі кезде әкімдік тұрғындарға хабарлама таратты. Күтіп ұстау тәртібі сақталмаса келісімшарт бұзылуы мүмкін. Тұрғындар болса кәріз суын жуып шаршаған.

Айта кетейік, Мұғалжар ауданының Ақсу және Сабындыкөл ауылдарында электр тогы тартылған 76 бағана құлады.

 

Соңғы жаңалықтар