Ақтөбеде оқу сауаттылығы көрсеткіші төмен - Оқу-ағарту бірінші вице-министрі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде облыстық тамыз кеңесі өтті. Жиынға қатысқан Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова оқу сауаттылығы мен жаратылыстану бағытындағы көрсеткішті жоғарылатуды тапсырды.

мектеп, парта, оқушы, сабақ
Фото: Қызылорда облыстық білім басқармасы

Ақтөбеде 2025-2026 оқу жылына 441 мектеп, 639 мектепке дейінгі ұйым, 40 колледж жұмыс істейді. Қазіргі кезде мектептердегі білім сапасы 65% құрап отыр. Бұл ішкі бақылаудың көрсеткіші. 

- Облыста жаратылыстану бағытындағы пәндердің көрсеткіші төмен болып отыр. Әсіресе химия, физика пәндері бойынша. Оқушылардың функционалдық сауаттылығының жеткіліксіздігі, сапалы басқару, жоспарлау, нәтижеге қол жеткізудегі кемшіліктер және оқу жетістіктерін бағалау мониторингін жүргізудегі жүйеліліктің жетіспеуі кері әсер етті. Осы олқылықты жою мақсатында мектептерге Білім-инновациясы лицейінің тәжірибесі енгізіледі. Педагогтердің біліктілігін арттырады, оқу әдісі енгізіледі. Меморандум аясында 40 мектеп қамтылады,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.

Сөйтіп жаратылыстану пәндері бойынша көрсеткішті 7-10 пайызға арттыру жоспарланған. 

- Бұған дейін Ақтөбеде шағын жинақталған мектеп көп болғандықтан ауыл мектептерінің білім сапасы мәселе болды. Былтыр ауыл мектептерін дамыту жобасы қолға алынып, цифрландыру, соның ішінде интернетпен қамту іске асты. Жалпы еліміздің өңірлеріне қарай жоспар құрылып, соған байланыс жұмыс жүреді. PISA – біздің концептуалдық құжатымыздың индикаторы. Мұнда көрсеткіш алты деңгеймін өлшенеді. Соның ішінде Ақтөбеде оқу сауаттылығына байланысты көрсеткіш төмен болып тұр. Білім басқармасы, бөлімдері мен мектеп директорларымен кездесіп, айтылды. Жаратылыстану бағаты бойынша да көрсеткіштерді жоғарылату керек,- деді ҚР Оқу – ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова. 

Еске салсақ, Ақтөбеде 2025-2026 оқу жылдарында 19 270 бала 1 сыныпқа қабылданады.

Сондай-ақ жаңа оқу жылында 6 мектеп қолданысқа беріледі.

«Келешек мектептері» жобасы аясында 4 мектеп ашылып, 2 жеке мектеп қабылдау жүргізеді.