Ақтөбеде өрт сөндіру көліктеріне кедергі келтіретін блоктар алынды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласындағы аулаларда темірбетон кедергілер алынып жатыр. Бұл өрт сөндіру көліктерінің емін-еркін қозғалысы үшін қажет.
Ақтөбе облысының полиция және төтенше жағдайлар қызметкерлері аулаларды аралады. Мұнда тұрғындар бала қауіпсіздігі үшін темірбетон қойып тастаған. Бұл өрт сөндіру кезінде үнемі кедергі келтіреді. Әрі дер кезінде көмек беруге қиын. Сондықтан рейд жасап, алдын ала тазарту жұмыстарын жүргізді.
— Өрт сөндіру техникалары кедергіге кезіккенде уақытылы көмек көрсете алмайды. Мұндай деректер кездесті. Мониторинг кезінде Ақтөбе қаласында кедергісі бар 40 үй анықталды. Он күнде 10 үй ауласына кірер бетон алынды. Жыл соңына дейін қалған 30 үйдегі кедергіні аламыз. Оған төтенше жағдайлар қызметі, полиция, жергілікті әкімдіктен тұрғын үй инспекциясының мамандары тартылды. Себебі екі ай бұрын Ақтөбе қаласы ағайынды Жұбановтар көшесінде өрт болды. Темірбетон кесірінен қызметкерлер 4-5 минут кешігіп жетті. Мұндай жұмыстар Хромтау, Алға, Мұғалжар аудандарында да жүргізіліп жатыр, — деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов.
Айта кетейік, биыл Ақтөбе облысы аумағында 409 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 11 адам көз жұмды, 9-ы түрлі жарақат алды.
Бұған дейін Ақтөбенің Алтын орда тұрғын алабында тұрғын үй кешендерінің аулаларды қоршап, тіпті балалардың ойнауына, сабаққа баруына кедергі келтіргенін жазбаған болатынбыз.