Ақтөбеде өрт сөндірушілер жылыту маусымының алдында жатақханаларды тексерді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл жатақханаларда екі өрт болып, екі адам қаза тапты. Өрт сөндірушілер бүгін тексеруге полиция, газ, электр энергиясы, жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірге шықты.
Ақтөбе қаласы аумағында 40-қа жуық жатақхана бар. Өрт сөндірушілер студенттер жатақханасын жылына бір рет тексерсе, отбасылық үлгідегі жатақхана тұрғындарына тек ақпараттық хабарлама таратады.
— 21-30 қыркүйек аралығында «Жатақхана» профилактикалық акциясы өтіп жатыр. Себебі жыл басынан бері жатақханада 2 өрт тіркеліп, екі адам қаза тапты. Облыс бойынша жалпы 364 өрт оқиғасы тіркелген. Шығын 150 млн теңгеге жуықтайды. Өрт кезінде 9 адам қаза тапты, 8 адамды күйік шалды, — деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Аслан Арзымбетов. Оның айтуынша, өрттің көбі электр желісінің қысқа тұйықталуынан, адамдардың салғырттығынан болады.
Ақтөбе қаласы Маресьев көшесіндегі № 82 жатақхана былтыр апатты деп танылды. Ақпан айында электр желісінен ақау шығып, өртенді. Содан кейін сымды қайта жалғағанымен, аса үлкен өзгеріс болмады. Жатақхананың электр тогы кез келген сәтте үзіліп, өрт шығуы мүмкін.
— Шағын отбасыға арналған жатақхананың жағдайы өте нашар. Электр тогы арнайы қорапта емес, сыртына шығып тұр. Кейбірі апатты жағдай тудырады. Үй апатты деп танылғанын ескерсек, мұнда жөндеу жүргізілмейді. Әкімдік тұрғындарды кезекпен жаңа үйге көшіруі керек. Былтыр өрт болды, ештеңе де өзгермеген, — деді Аслан Арзымбетов.
Айта кетейік, биыл мамыр айында Ақтөбеде шағын отбасыға арналған жатақхананың шатыры да өртеніп кетті.