Ақтөбеде полиция қызметкерлері Жем өзені бойынан қарасора плантациясын тапты
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қарасора плантациясы Мұғалжар ауданы Жем өзені бойынан анықталды. Қарасора еккен үш тұрғын ұсталды.
Өңірде «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Полиция қызметкерлері Жем өзені бойына қарасора еккен топты анықтап, ұстады.
«Заңсыз өсірілген қарасора плантациясында ауданның үш тұрғыны ұсталды. Плантация адам жүрмейтін жерде, қалың бұталардың арасында орналасқан Мұндағы лагерьде адамға қажетті барлық зат бар. Қарасораны суару үшін өзен суы пайдаланылған. Тексеру кезінде биіктігі 1,5 метрден асатын 70-тен астам қарасора бұтасы тәркіленді. Күдіктілер оны жаз бойы баптаған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Еске салсақ, Ақтөбе қаласында биыл 470 алаяқтық дерегі тіркелді. Алаяқтарға көбіне әйелдер алданады.