Ақтөбеде шағын автобус пен көлік соқтығысып, бір адам көз жұмды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Самара – Шымкент тасжолында шағын автобус пен жеңіл көлік соқтығысып, бір жолаушы көз жұмды. Тағы 11 адам амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілді.

Оқиға 2 желтоқсан күні болған. Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Мерседес Спринтер» микроавтобусының жүргізушісі «Фольксваген Пассат» көлігімен соқтығысты. Салдарынан жеңіл көлік ішінде болған 68 жастағы жолаушы көз жұмды. Ал шағын автобус ішінде 11 жолаушы болған. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
- Бір жолаушы жедел жәрдем қызметі жеткенше көз жұмды. Тағы біреуі жабық бас-ми жарақатымен Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханаға түсті. Ол 42 жастағы ер адам. Ал зардап шеккен өзге 11 адам амбулаторлық ем қабылдау үшін үйіне жіберілді, - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, кеше Ақтөбеде 48 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кетті. Ол оқиға орнында көз жұмды.