Ақтөбеде шаруаның жерін киік таптап жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде «Құмқұдық» ЖШС-нің 1200 га жерін киік таптады. Қазір арнайы комиссия барып, нақтысын анықтап жатыр.

киіктер
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы «Құмқұдық» ЖШС-нің директоры Александр Чемоданов егіс алқабына киік кіргенін айтып, «Охотзоопром» мекемесіне, Ақтөбе облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына, жергілікті әкімдікке хабар берді. 

— Қазір егіс алқабында киік жүр. Біз не істей аламыз? Біз қуамыз, олар аздан соң қайта келеді. Айқайлай алмаймыз, ысқыра алмаймыз. Алқапқа барып, көліктің сигналын басамыз, көлікпен айдаймыз. Одан нәтиже көріп отырғаным жоқ. Бұл проблема 2023 жылы басталып, содан бері жалғасып келеді. 2023 жылы акт толтырып, шығын есептелгенімен өтелмеді. Ол кезде шамамен 16 мың га болды. Қазір үш аумаққа кірді. Екеуі мал азығы, біреуі күздік бидай. Бұл шамамен 1200 га алқап. Мұнда «Охотзоопром ӨБ» мекемесінен үш адам жүр, — деді Алеңсандр Чемоданов.

Шаруа жерінің ауданы — 75 мың га. Оның 20 мың га игеріп отыр. Соның бәріне қауіп төніп тұр.

— Біз мал азығынан, астықтан айырыламыз, қарызға батамыз. Әрі қарай не болатынын білмейміз. Қазір атқарушы органның бәрі жағдайды біледі, бәріне хабар берілді. Бізде 1500 бас ірі қара бар. Оған 3 мың тонна жем-шөп керек. 2023 жылы тәулік бойы көлікпен жүріп, күзеттік. Биыл қолдан келмей тұр. Киік санын реттеу керек деп ойлаймын. Біз адамға азық дайындаймыз ба, әлде киік бағамыз ба? Соны түсінбедім. Бұрын киік саны реттелген. Тіпті табиғат өзі реттеп отырған, — деді шаруа.

Ақтөбе облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаевтың айтуынша, егіс алқабының жағдайын білуге бірнеше маман барды.

— Хабар бізге кеше келді. «Охотзоопром» мекемесінен, инспекциядан мамандар барды. Сонымен бірге жергілікті атқарушы орган біледі. Біз қазір тек оны үркіте аламыз. 2024 жылы үркітіп, алқапты сақтап қалу қолдан келді. Биыл да екі бригада барады. Ол 14 адам. Негізі барлығы 28 адам бар. Олар екі топқа бөлініп, 15 күннен алмасып жұмыс істейді. Тек үркітеміз, одан басқа жол жоқ, — деді Әділкерей Әуелбаев.

Оның айтуынша, территорияда киік жүретін 48 мың га жер бар. Оның бәрін қамту мүмкін емес. Дегенмен үркіту немесе өткізіп жіберу әдісі қолданылады. 

— Егінге маусым, шілдеде барады. Ал бұл шаруаның айтып тұрғаны көпжылдық шөп, екіншісі күздік бидай. Барған комиссия бәрін қарайды, — деді ол.

Еске салсақ, 2023 жылы Ақтөбе облысы бойынша екі ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді киік таптап кетті. Аумағы 16 мың гектар болды. 

Видео: Александр Чемоданов

Соңғы жаңалықтар